Үкіметте етті мал шаруашылығын дамытудың жаңа кезеңі таныстырылды

0
2 308

Бағдарлама негізі фермерлік шаруашылықтар желісін дамытуға арналған. Фермерлік шаруашылықтарда 100 бас (50 бас аналық) ең тиімді мөлшер болып есептеледі


Үкіметте етті мал шаруашылығын дамытудың жаңа кезеңі таныстырылды

Бүгін ҚР Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев етті мал шаруашылығын дамытудың стратегиялық жобасын таныстырды. Аталған жобаның мақсаты – фермерлердің етті бағыттағы кооперативтерін және саладағы экспорттық әлеуетті арттыру болып табылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бағдарлама негізі фермерлік шаруашылықтар желісін дамытуға арналған. Фермерлік шаруашылықтарда 100 бас (50 бас аналық) ең тиімді мөлшер болып есептеледі
Осы жобаны жүзеге асыру барысында ет және мал шаруашылығын дамытуда алдыңғы қатарлы Австралия, АҚШ, Канада және Уругвай елдерінің тәжірибесі пайдаланылды.
Халықаралық сарапшылар етті мал шаруашылығы жайылымдық ресурстар бар болған кезде ғана жүзеге асатынын атап өтті. Сондықтан бағдарлама келесі артықшылықтарды ескере отырып әзірленді:
– Қазақстан жайылымдық жердің көлемі бойынша 5 орын алады, мал шаруашылығы үшін 180 млн. га жайылымдық жер бар;
– қатты жемшөп базасын құру үшін 2 млн. гектардан астам жерді суаруға мүмкіндгі бар;
– халықтың жартысынан астамы ауылдық жерде тұрады және мал шаруашылығымен айналысу дағдылары бар;
– Қытай мен Иранның стратегиялық нарықтарына жақындығы экспортты арттыруға кепілдік береді.
Жобаға қатысушылар үшін төмендегідей мемлекеттік қолдау түрлері ұсынылады:
– фермерлік қожалықтар үшін жер учаскелерін бөлу;
– мал сатып алуға, техника пен құрал-жабдықты сатып алуға, жайылымдық инфрақұрылымды құруға фермерлік шаруашылықтарға жеңілдікпен несие беру;
– болашақ фермерлерді оқыту үшін типтік шаруашылықтар құру;
– бордақылау алаңдарының айналымдағы активтерін толықтыруды қаржыландыру;
– салық жүйесін жетілдіру;
– инвестицияларды субсидиялау;
– барлық байланысты өндірістерді оқшаулау, – деді вице-министр.
Аталған жоба етті бағыттағы мал шаруашылыңымен айналысатын 1 жұмысшыға еңбек өнімділігін 1000 АҚШ долларынан 8000 АҚШ долларына дейін өсіруге негіз болады. Тиісті салалар дамып, ауыл тұрғындарының білім деңгейі артады. Сондай-ақ, жаңа технологияларды қолдану және процестерді автоматтандыру ауыл шаруашылығы бойынша мамандықтардың беделін арттырады.
Стратегияны іске асыру мал шаруашылығымен, қой шаруашылығы және жылқы шаруашылығымен айналысатын 80 мыңнан астам отбасылық фермаларды құруға, 58 млн. га-дан 100 млн. гектарға дейін жайылымдық жерлерді кеңейтуге мүмкіндік береді.

Стратегиялық бағыт – ірі шетелдік инвесторларды ет өнеркәсібіне тарту болып табылады. Қазіргі уақытта қазақстандық нарыққа «Cremonini» компаниялар тобы, аустралиялық «Cedar Group», американдық «Global beef» сияқты ірі компаниялары кіруде.
Министрлік аталған жобаны кеңінен талқылау мақсатында Ақтөбе, Павлодар және Алматы облыстарында фермерлер мен шекаралық аймақтардағы бордақылау алаңдарының басшыларымен және де аудан әкімдерінің орынбасарларымен жиналыстар өткізді. Айта кетерлігі, етті мал шаруашылығын дамытудағы ұсыныстар мен шаралар бір ауыздан қолдау табуда.
Етті мал шаруашылығын дамытуды жүзеге асырудың нақты мерзімі мен тапсырмалары көрсетілген Жол картасы әзірленді. Осы жол картасын АӨК-ті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына енгізу ұсынылады.