Көкшетауда оқу орнына «бомба қойған» сол мектептің оқушысы болып шықты

0
664

Көкшетаудағы №2 орта мектеп-лицейінің ғимаратына «жарылғыш затты» оқушы қыздың қойғаны анықталды.


Көкшетауда оқу орнына «бомба қойған» сол мектептің оқушысы болып шықты

ERNUR.KZ. Көкшетаудағы №2 орта мектеп-лицейінің ғимаратына «жарылғыш затты» оқушы қыздың қойғаны анықталды. Ол өзінің әрекетін аталмыш мектепте оқығысы келмейтінімен түсіндірді, деп жазады ҚазАқпарат.

Ақмола облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, келеңсіз жағдай мамырдың 24-де болған.

Бұл туралы сағат 17:50-де Көкшетау қалалық полиция басқармасына хабарланды.

Онда №2 орта мектеп-лицейінің ғимаратында сымдары бар қаңылтыр банка табылғаны айтылған.

Осыған байланысты полиция қызметкерлері аталмыш аумақты қоршап, 20 оқытушы мен 10 техникалық қызметкерді эвакуациялады.

Техник мамандар табылған құрылғыны зерттеді.

Азаматтардың қауіпсіздігі мақсатында бекітілген іс-қимыл алгоритміне сәйкес, оны сол жерде жою туралы шешім қабылданды.

Қажетті қауіпсіздік шаралары сақтала отырып, жарылыс жасалды.

«Жедел-іздестіру шаралары барысында Көкшетаудағы №2 орта мектеп-лицейінің ғимаратына «жарылғыш затты» оқушы қыздың қойғаны анықталды. Ол өзінің әрекетін аталмыш мектепте оқығысы келмейтінімен түсіндірді. Осыған байланысты одан әрі тексеріс жүріп жатыр. Ювеналды полиция қызметкерлері кәмелетке толмаған қызды профилактикалық есепке қою мәселесін шешіп жатыр», - деп түсіндірді ведомствоның баспасөз қызметінен.

Айта кетсек, Көкшетау мектебінен жарылғыш затқа ұқсас зат табылғанын хабарлаған едік.