Қармен алысып жүргенде көктем де келді. Көктем келді дегенше табиғат ананың тағы бір қатал сыны келді дей беріңіз.
Ішкі істер министрлігі апта басында 609 елді-мекен, 675 автожол және 259 учаскеде темір жолды су басуы мүмкін екені туралы мәлімдеме жасап, жағдайдың қиын екенін мойындады, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия арнасына сілтеме жасап.
Бұндай қауіп қатерге басты себеп метерологиялық фактор болуы мүмкін. Яғни қар биыл әдеттен жырақ тым көп жаулы. Алайда себептің барлығын табиғатқа арта салып отыра алмаймыз. Қыс қамын жаз ойла демеуші ме еді осындайда. Су тасу қаупі жоғары аймақтар бойынша қамдану былтырдан басталып кеткеніне қарамастан, кейбір өңірлер шырылдауық шегірткенің әніне басып, бөлінген қаражатты игермеген де. Жалпы көктемгі тасқынның алдын алуға былтыр 91 шара жоспарланса, соның 36-сы жүзеге асырылмаған.
Қаңтарда төтенше жағдай жарияланып қар астында қалған елдің бас қаласында да жағдай мәз емес. Ол аздай елорда іргесіндегі ауылдар да қазірдің өзінде суға батамыз деп дабыл қағуда.
Елордамыздан небары 5 шақырым жердегі Талапкер ауылы орналасқан. Бұрынғы саяжай массиві. 50-ге жуық түтін бар. Қазір байқасаңыздар бұл жер арктикаға ұқсайды. Алайда бетін ары қылсын, күн күрт жылынып кетсе екі аптадан бұл жердің Венецияға айналатынын бағамдау үшін бал ашудың қажеті жоқ.
"Қазір ең басты қауіп Есіл өзенінен.Тиісінше басты назар осы бағытта. Ертең қар еріп, өзен тасыса су басқанның көкесі сонда болады. Сол үшін өзен арнасын тегістеу жұмыстарын бастап кеттік. Әрине сосын су басу қаупі басым аудандарды бірінші кезекте тазалап жатырмыз", - дейді Талапкер ауылдық округі әкімінің орынбасары Мирас Кужубае.
Қарды тазалаумен Талапкердегі түйткілдің түйіні тарқамайды. Елді-мекен су көп жиналатын, өзен аңғарында орналасқан. Ауылдықтардан ұсыныс.
Бұл бір ғана Талапкердегі ахуал. Ақмола, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарына барсаңыз жүздеген ауыл дәл осындай жағдайда. Биыл жиыны 9 өңірде 600 ден аса елді-мекенді су басады деген болжам айтылып жатыр. Тек оның салдары қалай боладыны ойлаудың өзі қорқынышты. Қырсыққанда күннің райы да қиындау болайын деп тұр.
"Наурыз айындағы синоптикалық болжамға сәйкес ауар температурасы мен жауын шашынның мөлшері Қазақстанның басым аумағында климаттық нормадан жоғары болады деп күтілуде", - дейді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.
Тиісті шаралар қабылданып жатыр ма? Әуелі атқарылған істерге қысқаша тоқталсақ.
Өңірлерде 8.8 млн тонна қар шығарылыпты. 152.6 мың тонна құм, 840 мың құм толтырылған қап, 47 тонна жарылғыш зат әзірленген. 1707 эвакуациялық бекет жасақталып, құтқару жұмыстарына 9000 адам даяланған екен. 1730 бірлік техника мен 13 мың тоннадай жанармай әзірленіпті. 1000 шақырым дамба жөнеліп, 537 жағалау бекітілген. Жергілікті бюджеттен 34.2 млрд тг игерілген.
Бұрын үкіметте тек атқарылған жұмысты ғана айтатын, енді атқарылмай қалғанын айтпасқа болмайды.
"Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарының жергілікті атқарушы органдары екі жыл бойынша жоспарланған іс шараларды орындамай келеді. ШҚО 2019 жыл мен осы жылға қаражат бөлінбеген. Павлодар облысында өткен жылы қаржыландыру мүлдем қамтамасыз етілмеген. Ал СҚО бойынша қаржы тек 37 пайыз жұмсалған", - дейді ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
2019 жылы жоспарланған 91 алдын алу шарасының 36-сы жүзеге аспапты. Бұл дегеніңіз жоспар жартылай ғана орындалды деген сөз.
"Су тасқынына толық дайынбыз деп айтуға әлі ерте", - деді ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
Сонда қашан деген қисынды сұрақтың басы әлі ашық. Ертең су тасиды,сол баяғы ас ішерде деген жылдағы әңгіме. Тек биыл екіншісінің қаттырақ болатын түрі бар.