Қазақстанда өнеркәсіп, құрылыс және жер қойнауын пайдалану салаларын цифрлық трансформациялау жалғасуда.
ERNUR.KZ. Негізгі міндеттердің бірі – негізгі рәсімдерді бірыңғай цифрлық форматқа көшіру. Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасын дамыту аясында қазірдің өзінде 22 мемлекеттік қызмет қолжетімді, электрондық аукциондар мен қол қою бонусын онлайн төлеу жүйесі енгізілген, ал платформа арқылы 729 лицензия берілген. Бұл бизнеске келісу рәсімдерінің санын қысқартуға, қағаз құжат айналымын азайтуға және қызметтерді алу үдерісін жеделдетуге мүмкіндік береді. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, елде жинақталған деректерді электрондық форматқа көшіру жұмыстары жалғасып жатыр. Келісімшарттар, лицензиялар мен есептер кезең-кезеңімен цифрлық форматқа ауыстырылып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша лицензиялық-келісімшарттық талаптар бойынша есептердің 89%-ы электрондық түрде тапсырылған. Бұл ақпаратты өңдеу мерзімдерін қысқартып, қолмен тексерілетін құжат көлемін азайтуға мүмкіндік берді. Келесі кезеңде электрондық өзара іс-қимылды одан әрі кеңейту және деректер сапасын арттыру көзделіп отыр. Вице-министрдің айтуынша, геологиялық деректермен жұмысқа ерекше назар аударылуда.
«Елімізде ондаған жылдар бойы үлкен көлемдегі материалдар жинақталған. Олар – геологиялық есептер, карталар, мұрағаттық құжаттар және әртүрлі тасымалдағыштардағы деректер. Мәселе – бұл ақпараттың едәуір бөлігі ұзақ уақыт бойы тек мұрағат түрінде сақталып, талдау үшін толыққанды пайдалануға қолжетімсіз болды. Сондықтан қазір ауқымды цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда тарихи геологиялық деректердің 97,5%-ы сканерленді. Бұл шамамен 4,7 млн парақ материал», – деді Жәннат Дүбірова.
Вице-министр атап өткендей, деректерді цифрландырудан кейінгі келесі кезең – оларды талдау және шешім қабылдау үшін бірыңғай жүйеге біріктіру болмақ. Қазақстанда геология саласында деректерді талдау технологиялары мен жасанды интеллектіні қолдану дамып келеді. Қазірдің өзінде геологиялық деректердің бірыңғай базасы қалыптастырылуда, жүйенің прототипі жасалып, көлемі шамамен 1 терабайт болатын алғашқы ақпарат массиві жүктелген. Бұл деректерді іздеу мен салыстыруды жеделдетуге, сондай-ақ алдын ала аналитиканың сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар түпкілікті шешімдер мамандардың құзырында қалады. Бұдан бөлек, интерактивті карта мен геологтың жеке кабинетінің прототипі әзірленген. Олар материалдармен бірыңғай цифрлық ортада жұмыс істеуге және деректерді тәжірибеде жылдамырақ қолдануға көмектеседі.
Жәннат Дүбірова атап өткендей, Қазақстанның құрылыс саласында аумақты жоспарлаудан бастап нысандарды пайдалануға беруге дейінгі үздіксіз цифрлық үдерісті қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде.
«Әртүрлі кезеңдерде өзара байланыспаған жүйелер қолданылады, бұл қайта тексерулер мен түзетулерге әкеледі. Сондықтан қазір біз ақпараттың бір кезеңнен екіншісіне қайта енгізілмей және деректерді жоғалтпай дәйекті түрде берілуіне көшіп жатырмыз», – деп қосты спикер.
Жұмыс үш негізгі бағытқа шоғырланған: цифрлық жобалау мен BIM-технологияларды дамыту, тәуекелдерді ерте анықтау үшін цифрлық модельдерді пайдалану, сондай-ақ құрылыс пен пайдалануды мониторингтеу құралдарын енгізу. Бұл кеш кезеңдердегі түзетулер санын азайтып, өзекті деректер негізінде шешім қабылдауға мүмкіндік береді деп күтілуде.


