ТЖБ мен БЖБ алып тасталады: Қазақстан мектептерінде классикалық бақылау жұмыстары қашан енгізілмек

0
62

Оқу-ағарту министрі бұрынғы бақылау жұмыстары, диктантты қайтарғысы келеді.


ТЖБ мен БЖБ алып тасталады: Қазақстан мектептерінде классикалық бақылау жұмыстары қашан енгізілмек

ERNUR.KZ. Үкімет брифингінде оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қазақстандық мектептер ТЖБ мен БЖБ-дан ақырындап бас тартуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп жазады stan.kz.

Оқу-ағарту министрі бұрынғы бақылау жұмыстары, диктантты қайтарғысы келеді.

"Оқу-ағарту министрлігі ТЖБ және БЖБ бойынша кең ауқымды талдау жұмыстарын жүргізіп жатыр, себебі бұл білім беру стандарттарында белгіленген, критерийлерге негізделген бағалау. Қазір біз бөлек бағалауларды енгізіп жатырмыз – диктант, шығарма жазу, мазмұндамалар. Сондықтан біз ТЖБ-дан біртіндеп бас тартуды ойластырып жатырмыз”, – деді Сүлейменова.

Сөзінше, одан бас тарту үшін нақты себеп керек. Сол үшін қазір 1-ден 11-ге дейінгі сыныптарға талдау жүргізілді.

“Оқушылардың тапсырмалары мен жауаптарын қарастырдық. Әрине, кейбір жүйелер ТЖБ, БЖБ жауаптарын жүктемейді. Тамыз айындағы конференцияда қай сыныптар үшін бұл бағалау қалатынын, ал кімдерге ауыстыратынымызды нақты айтамыз", – деді министр.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда ҰБТ-ға балама жаңа тест енгізілетіні туралы жазған едік. Ғылым және жоғары білім министрлігі ұсынған жоба бойынша, жаңа емтихан ҰБТ-мен қатар жүргізіліп, болашақта халықаралық SAT үлгісіндегі баламаға айналуы мүмкін.