Қонаевта ауқымды газдандыру жобасы жүзеге асырылып жатыр

0
94

Жобаның жалпы инженерлік желілерінің ұзындығы 89 шақырымды құрайды, оның ішінде 7 шақырымы салынды.


Қонаевта ауқымды газдандыру жобасы жүзеге асырылып жатыр

ERNUR.KZ. Қонаев қаласында халықты табиғи газбен қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыс жалғасуда. Бұл іс-шаралар қаланы дамыту жөніндегі Кешенді жоспар аясында іске асырылып, газдандыру басым бағыттардың бірі ретінде айқындалған. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары бірден бес шағын ауданда – Арна, Спутник, 19, 20 және Рауан аумақтарында жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Алматы облысының әкімдігі.

Жобаның жалпы инженерлік желілерінің ұзындығы 89 шақырымды құрайды, оның ішінде 7 шақырымы салынды. 7 мыңнан астам стояк орнатылып, қалған жұмысты атқаруға қажетті құбырлар сатып алынды. Қазіргі уақытта құрылыс көлемінің 20 пайыздан астамы игерілді.

Құрылыстың жалпы ұзақтығы 14 айға есептелген. Негізгі жұмыстарды 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр, одан кейін іске қосу-реттеу кезеңі басталады. Табиғи газды үйлерге қосу 2026 жылдың наурыз айына белгіленген. Барлық рәсімдер аяқталған соң желілер пайдаланушы ұйымның балансына беріліп, техникалық шарттар беру басталады.

Сонымен қатар, Кешенді жоспар аясында ауылдарды, бау-бақша серіктестіктері мен жаңа шағын аудандарды газдандыруға қатысты жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Алдағы маңызды міндеттердің бірі – автоматтандырылған газ тарату станциясын (АГТС) салу, бұл өз кезегінде отын жеткізудің сенімділігін және тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Бүгінде Қонаевта 6 618 тұтынушы табиғи газға қосылған. Оның ішінде 5 699 пәтер, 28 кәсіпорын және 78 шағын коммуналдық нысан бар. Жақын маңдағы елді мекендерді ескере отырып, қаланың газдандыру деңгейі 42 пайызға жетті.

Аталған жобаларды жүзеге асыру қала тұрғындары үшін қолайлы жағдай туғызуға, дәстүрлі энергия көздеріне түсетін жүктемені азайтуға және қаланың коммуналдық инфрақұрылымын тұрақты дамытуға ықпал етпек.