Көпбалалы отбасыларға жәрдемақы тоқтай ма?

0
82

Ауылдық жерлерде тұратын көптеген азаматтың негізгі табыс көзі — осы көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы, – деді Ысқақ.


Көпбалалы отбасыларға жәрдемақы тоқтай ма?

ERNUR.KZ. Экономист Бауыржан Ысқақ көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақының тоқтауы мүмкін екені туралы әлеуметтік желілерде тарап жатқан ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл мәселе ел ішінде үлкен алаңдаушылық туғызып отыр, деп жазады baq.kz.

Ауылдық жерлерде тұратын көптеген азаматтың негізгі табыс көзі — осы көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы, – деді Ысқақ.

Оның айтуынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі болашақта жаңа талап енгізуді жоспарлап отыр. Яғни, егер отбасының жан басына шаққандағы табысы 200 мың теңгеден асып, олардың атына тіркелген екі көлік немесе екі пәтері болса, мұндай отбасыларға жәрдемақы тоқтатылады.

Экономист бұл саясаттың үш негізгі қаупін атады:

Біріншіден, бұл көлеңкелі экономикаға итермелейді. Табысына немесе мүлкіне қарап жәрдемақыны шектеу — адамдарды табысын жасыруға, көлігін немесе үйін басқа біреудің атына аударуға итермелеуі мүмкін. Бұл көлеңкелі экономиканың ұлғаюына жол ашады, – дейді Ысқақ.
Екіншіден, бұл демографиялық және ұлттық қауіпсіздікке қауіп. Қазақстан — жер көлемі бойынша әлемде 9-орында. Бірақ халық саны өте аз. Шекараға жақын ауылдар босап жатыр. Бұл елдің қауіпсіздігіне қатер. Көпбалалы отбасылар — шекаралық аумақтарды демографиялық тұрғыдан сақтап қалатын негізгі фактор, – дейді ол.
Үшіншіден, бұл басқа елдермен салыстырғанда қолдау жеткіліксіз. Мысалы Ресейде екі баладан көп туған отбасының ипотекасының 50%-ын мемлекет жауып береді. Ал бізде керісінше, әлеуметтік қолдауды шектеуге тырысып жатырмыз. Президент те өз бағдарламасында халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру мәселесіне ерекше мән берген. Бюджеттің 50%-дан астамы әлеуметтік салаға бағытталған. Бірақ біз осы қаражатты тиімді жұмсауды үйренуіміз керек, – деп қорытындылады экономист.