Тараз тұрғыны 27 ақпан күні көпқабатты үйде болған жарылыс салдарынан өзге 5 адаммен бірге ауруханаға жеткізілген болатын.
ERNUR.KZ. Тараздағы жарылыстан денесінің 50 пайызын күйік шалып, екі аптадан бері жансақтау бөлімшесінде жатқан 65 жастағы қала тұрғыны көз жұмды, деп жазады ҚазАқпарат.
Тараз тұрғыны 27 ақпан күні көпқабатты үйде болған жарылыс салдарынан өзге 5 адаммен бірге ауруханаға жеткізілген болатын. Тағы үш адам үйінділердің астында қалып ажал құшқан еді. №2 қалалық ауруханадан мәлім еткендей, 65 жастағы тараздық 14 наурыз күні көз жұмған. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін қолдан келгеннің барлығын жасаған.
«27 ақпан мен 14 наурыз күндері аралығында жансақтау бөлімшесінде науқасқа шокқа қарсы кешенді терапия жүргізілді. Көрсетілген барлық ем-шараларға қарамастан 14 наурыз күні кешке науқастың жағдайы нашарлап кетті. Ауруханаға түскен 14-ші тәулікте науқастың ағзасында ауа жетіспеушілігі басталды, салдарынан өкпесі мен жүрегінде қысым пайда болды. Түнгі сағат он бірден аса оның жүрегі тоқтады», - деді №2 Тараз қалалық ауруханасы күйіктен емдеу бөлімшесінің меңгерушісі Әбілсейіт Сыдықов.
Еске салсақ, 27 ақпан күні Тараздың 9-шы шағын ауданындағы көпқабатты үйде жойқын жарылыс болды. 3 адамның денесі үйінді астынан табылды. Тағы 6 тұрғын ауруханаға жеткізілді. Оқиға салдарынан отыз пәтердің шаңырағы ортасына түсті. Алдын ала болжам бойынша, жарылыс газ құбырындағы ақаудан болған. Елбасының тапсырмасымен төтенше жағдайды тергеуге қатысты үкіметтік комиссия құрылды. Облыстық әкімдік тарапынан зардап шеккендерге тиісті көмек көрсетілуде.
«Апат болған үйдің 100-ден астам тұрғынына №47 мектепте ыстық тамақ беріліп, психологиялық-медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Сондай-ақ, зардап шегушілер қаладағы №13 «Бәйтерек» мөлтекауданындағы көпқабатты үйдегі бос пәтерлерге уақытша жайғастырылуда. Олардың жағдайы тұрақты бақылауда болады», - деген болатын аймақ әкімдігінде.
Аурухаға жеткізілген зардап шеккендердің барлығына қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатқанын ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов атап өткен болатын. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек төрағалық еткен үкіметтік комиссия Таразға шұғыл ұшып келіп, отырыс өткізді. Ж.Қасымбек орын алған жағдайды егжей-тегжейлі зерделей келе нақты қорытынды шығару қажеттігін баса айтты. Сондай-ақ қала әкімдігі тарапынан қаза болған тұрғындардың отбасыларына 1 миллион теңгеден қаржылай көмек берілетін болып шешілді.