Дауыс беруге келген адамда жоғары температура анықталса, медицина қызметкері тексереді. Жедел жәрдем шақырылған жағдайда мамандар келгенше бөлек оқшауланады.
ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау вице-министрі – бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов алдағы сайлауда коронавирустан емделіп жатқан адамдар қалай дауыс беретінін түсіндірді, деп жазады sputnik.kz.
Бас санитардың кезекті қаулысы денсаулық комитеттің ресми сайтында жарияланды. Онда мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауын өткізу кезінде коронавирустың алдын алу тәртібі жазылған. Бас санитар өз қаулысын Орталық сайлау комиссиясымен де келісіп алды.
Құжатқа сәйкес, сайлауға қатысатын барлық адам бетперде киіп, 1,5-2 метр арақашықтықты сақтауы тиіс.
Антисептикалық құралдарды да пайдалану қажет. Сондай-ақ, бас санитар қол алыспауға және тікелей байланыс жасамауға кеңес беріп отыр. Сайлау учаскесінің мамандары мен еріктілер адамдардың дене қызуын тексеріп тұрады. Дауыс беруге келген адамда жоғары температура анықталса, оны медицина қызметкері қарап шығады. Жедел жәрдем шақырылған жағдайда мамандар келгенше бөлек оқшаулап қояды. Ал коронавирус жұқтырғандарға комиссия мүшелері өздері барады.
"Оны жүзеге асыратын сайлау комиссиясының мүшелері жеке қорғаныш құралдарымен (бір рет қолданылатын халаттар, қорғаныш маскалары, бір рет қолданылатын қолғаптар, қолға арналған антисептикалық құралдар) қамтамасыз етіледі. Сайлаушыларға қажет болған жағдайда жеке қорғаныш құралдары беріледі", - делінген бас санитардың қаулысында.
Дауыс беретін адам алдымен қашықтықты сақтай отырып, жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуі тиіс. Бетпердені уақытша шешуге рұқсат бар.
"Үйде емделуіне немесе КВИ бойынша карантинде болуына байланысты өзін-өзі оқшаулау режиміндегі сайлаушыларға шығу кезінде дауыс беру үйге кірмей ұйымдастырылуы тиіс. Мұндай дауыс беруді байланыссыз тәсілмен, мысалы, баспалдақ алаңында дауыс беруге қатысушыға дауыс беруге арналған бюллетеньді және үй-жайдан тыс жерде дауыс беру туралы өтінішті беру, содан кейін одан өтінішті алу және бюллетеньді тасымалданатын жәшікке салу арқылы өткізуге болады", - делінген ережеде.
Дауыс беруге арналған бюллетеньді алғанға дейін сайлаушы бетперде тағып, қолын антисептикпен өңдеуі тиіс. Одан кейін учаскелік комиссия мүшелері қолдарын және тасымалданатын жәшіктің беттерін міндетті түрде дезинфекциялайды.
Жеке қорғаныш құралдарын қайта пайдалануға болмайды. Оны тығыз жабылатын контейнерге салып тастау қажет.