Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Православие шіркеуі тиісті пәтуа мен ескертулер әзірледі.
ERNUR.KZ. Коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеу туралы бас санитарлық дәрігердің қаулысы шығады, деп жазады ҚазАқпарат.
Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Хабар 24» телеарнасының тікелей эфирінде мәлімдеді.
«Коронавирустан адам қайтыс болуына байланысты журналистер марқұмды қалай жерлеу керектігі туралы сұрап жатыр. Бүгін кешке немесе ертең таңертең бас санитарлық дәрігердің ресми қаулысы шығады. Онда қатаң сақталуы керек ережелер көрсетіледі. Дәрігерлер айтқан талаптарды қатаң сақтау қажеттігі туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Православие шіркеуі тиісті пәтуа мен ескертулер әзірледі.
Сонымен бірге, министр коронавирус инфекциясынан кеше қайтыс болған әйел туралы пікір білдірді.
«Бізден таңертең қайтыс болған әйелдің диагнозын неге кешке хабарлағанымызды сұрап жатыр. Өлімнің нақты себебі кешкі уақытта ғана анықталды және тез арада бұқаралық ақпарат құралдарына хабарланды», - деді Д. Абаев.
Айта кетейік, коронавирус инфекциясымен Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 60 адам, Алматы қаласында – 48 адам, Қарағанды қаласында - 4, Жамбыл облысында -3 адам, Атырау облысы - 3 адам, Шымкент қаласында - 2 адам, Алматы облысында - 1 адам, Ақтөбе облысында - 1 адам, Солтүстік Қазақстан облысында - 1 адам, Ақмола облысында - 1 адам, Павлодар облысында - 1 адам, жалпы 125 науқас тіркелді.
Бұған дейін Дәурен Абаев карантин режимі күшейтілген кездегі көшеде жүру талаптарын түсіндірген еді.