Қос аурухананың басшылары жазаланды

0
991

Қарасай ауданының Қаскелең қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жоспардан тыс тексеру жүргізілген.


Қос аурухананың басшылары жазаланды

ERNUR.KZ. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті Алматы облысындағы міндетті талаптарды сақтамаған 2 медициналық ұйымға қатысты шара қабылдады, деп жазады ҚазАқпарат.

Қарасай ауданының Қаскелең қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Осыдан кейін аурухана директорына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы 1-бөлімі бойынша және екі бөлім меңгерушісіне қатысты 80-бабы 1-бөлімі бойынша әкімшілік шара қабылданды.

«Тексеру қорытындысы бойынша «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы филиалы сапасыз медициналық қызмет көрсеткені үшін 2 млн 345 мың теңге көлемінде айыппұл салды. Қайта тексеру кезінде ұйғарымның 2 тармағы орындалмағаны анықталды. Материалдар шара қабылдау үшін Қаскелең қаласының әкімшілік сотына жіберілді. Қарасай мамандандырылған әкімшілік сотының 2018 жылғы 23 қарашадағы қаулысымен аурухана директорына 15 АЕК көлемінде айыппұл салынды», - делінген министрліктің хабарламасында.

Айта кетерлігі, өткен жылы Алматы облысының әкімі Қаскелең қалалық жұқпалы аурулар ауруханасын Қарасай аудандық орталық ауруханасына қосу туралы қаулы шығарған еді. Қазіргі уақытта аурухана қайта құрылып, Қарасай аудандық орталық ауруханасы құрамына кіргізілген. Бұл ретте ауруханаларда әкімшілік бөлігінен басқа көзделген штат бірлігі сақталған.

«2018 жылдың сәуір айында Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылындағы аудандық аурухананы тексеру барысында ғимараттың санитарлық-техникалық жағдайы, сумен жабдықтау, кәріз және желдету жүйелерінен ақау табылған болатын. Тексеру нәтижелері бойынша 10 лауазымды тұлғаға айыппұл түрінде әкімшілік шара қабылданған. Сондай-ақ, 2018 жылғы 27 желтоқсанға дейін кемшіліктерді жою туралы ұйғарым берілген. Нұсқаманы орындау бойынша тексеру осы жылдың қаңтар айында жүргізілді. Тексеру барысында 27 тармақтың 13-і орындалмағаны белгілі болды. Атап айтқанда, күрделі жөндеу жүргізу, желдету жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету, кір жуу орнын жабдықтау, асханадағы кем-кетік ыдыстарды ауыстыру, сондай-ақ науқастарды инфекциялық аурулардың жекелеген түрлеріне тексеру және инфекциялық бақылау комиссиясының жұмысы бойынша кемшіліктер сол күйі реттелмеген», - делінген хабарламада.

Аурухана директорының орынбасарына ұйғарымды орындамағаны үшін ҚР ӘҚБтК 462-бабының 3-тармағы бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды (бұрынғы директор жұмыстан босатылды). Тексеру материалдары шара қолдану үшін Еңбекшіқазақ аудандық №2 сотына жіберіліп, қазіргі уақытта материалдар қарастырылуда.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың 6 маусымында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қаскелең қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында болып, денсаулық сақтау және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарының сақталуына жоспардан тыс тексеру жүргізуді тапсырған болатын.