Қостанай блок-бекеттерінде әлі күнге дейін тепловизор жоқ

0
730

Қостанай – әзірге Қазақстандағы коронавирус тіркелмеген жалғыз облыс.


Қостанай блок-бекеттерінде әлі күнге дейін тепловизор жоқ

ERNUR.KZ. Өңірде 100-ден астам адам карантинде жатыр. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды, деп жазады Azattyq Rýhy.

Қостанай облысында қауіпті індет жұқтыру фактісі тіркелмеген. Алайда, әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таралуда. Жергілікті полиция қызметі негізсіз мәлімет таратушыларды іздестіруде.
Қала аумағында 3 санитарлық блок-бекет әзірленген. Олардың қатары тағы төртеумен толықпақ. Жақын күндері облыс орталығы Қостанай қаласында шектеу шаралары енгізілмек.
«Бекеттен өткен жолаушылар тексеріледі. Әзірге тепловизорлар алынған жоқ. Олар келесі аптада келеді. Бекеттен өтушілердің дене қызуын өлшеу үшін қарапайым градус өлшегіштер пайдаланылады. Азаматтарға өздерімен бірге градусник алып жүруге рұқсат етіледі», - деді Қостанай облысының бас санитар дәрігері Владимир Нечитайло.
Онлайн брифингте жеке пәтер иелері кооперативтері жетекшілерінің өз аумақтарында санитарлық шараларды жүзеге асырудан бас тартып жатқаны да айтылды. Қостанай облысының Аймақтық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің маманы Жұмахан Спабеков бұл фактіні жоққа шығарды. Жауапты тұлғалардың айтуынша, қала аумағында вирустан сақтанудың барлық тетіктері, сонымен қатар көшелерді дезинфекциялау жұмыстары жоспарға сай жүзеге асырылуда.
Полиция қызметкерлері төтенше жағдай талаптарының орындалуын қадағалайды. Қостанайда көшеде медициналық маскасыз жүргендерге айыппұл салынады.