Мырзабай Шалбаев банк бөлімшесінің бастығы бола тұра кассадан 205 мың еуро алған.
ERNUR.KZ. Қостанайда сот "Еуразиялық банктің" Жітіқарадағы филиалының бұрынғы басшысына үкім шығарды. Бұл туралы Stan.kz.
205 мың еуро ұрлағаны үшін Мырзабай Шалбаевтың мүлкі тәркіленіп, жеті жарым жылға бас бостандығынан айырылды.
2019 жылдың қараша айында Мырзабай Шалбаев банк бөлімшесінің бастығы бола тұра кассадан 205 мың еуро алған. Ол ұрланған ақшаның бір бөлігін клиенттердің шоттарына қайтарғысы келген. Бірақ букмекерлік ойындарға салып, ұтылған.
Бір аптадан кейін ол Челябинскіде ұсталып, кейін Қостанайға экстрадицияланды. Сол кезде Шалбаевта 136 мың еуро болған. Бұрынғы банкирге прокуратура сұраған мерзімнен алты ай аз уақыт берілді. Прокурор Мырзабай Шалбаевты 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Бұдан басқа, ол Еуразиялық банкке залал ретінде 41 миллион теңге төлеуі тиіс.