Костенко шахтасындағы 46 кеншінің өлімі: 10 адам тергеуге алынған

0
177

«АрселорМиттал Теміртауға» қатысты да тергеу жүргізілген.


Костенко шахтасындағы 46 кеншінің өлімі: 10 адам тергеуге алынған

Фото: Qarmet

ERNUR.KZ. Бір жыл бұрын Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада 46 адамның өліміне себеп болған апат бойынша тергеу әлі жалғасып жатыр. Бұл туралы бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев мәлімдеді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

«Шынымен бұл біз үшін үлкен трагедия. 46 кенші қаза тапты. Қателеспесем, қазір 10 адам тергеуге алынған. «АрселорМитталға» қатысты да тергеу жүргізілген. Бірақ іс қандай сатыда екенін қазір нақты айта алмаймын», - деді ол Сенат кулуарында.

Естеріңізге салайық, былтыр 28 қазанда Қарағанды облысында «Арселор Миттал Теміртау» АҚ-ға қарайтын Костенко атындағы көмір шахтасында жарылыс болып, салдарынан 46 адам көз жұмған.

Бүкіл елдің қабырғасын қайыстырған қайғылы оқиғадан кейін президенттің тапсырмасымен Қарағанды металлургиялық комбинаты қазақстандық компанияның меншігіне өтті. Оның жаңа иесі – кәсіпкер Андрей Лаврентьев. Көп ұзамай «АрселорМиттал Теміртау» атауы да «Qarmet» болып өзгерді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев «Qarmet-тің акциялар пакетін сатып алуға мемлекеттің ақшасы жұмсалған жоқ, бұл толығымен жеке инвестиция болды» деп мәлімдеген еді.