Джек Ма өзінің бос уақытын Астанада өткізгісі келетінін айтты.
ERNUR.KZ. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ханчжоуға сапары аясында Alibaba штаб-пәтерінің жаңа компусын аралап көріп, оның даму тарихымен, қызметімен танысты, деп жазады ҚазАқпарат.
Одан кейін Мемлекет басшысы Alibaba компаниясының негізін қалаушы Джек Мамен кездесті. Екеуара сәлемдесуден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасы құрылуының 70 жылдық, Alibaba компаниясының 20 жылдық мерейтойлармен құттықтады.
Өз кезегінде Джек Ма ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа құттықтауы үшін ризашылығын білдірді.
«Қазақстанда 5 рет болдым. Қазақстанның мәдениеті мен халқын жақсы көремін. Ол жақта менің достарым көп. Бос уақытымды Сіздердің астаналарыңызда өткізген ұнайды», - деп атап өтті ол.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Ханчжоуға сапары аясында инновациялық өнімдерді әлемдік нарыққа шығару бойынша көшбасшы «Hikvision» компаниясының жұмысымен танысты. Компанияның басқарма төрағасы Чэнь Цзуннянь Мемлекет басшысына корпорацияның құрылу тарихы, инновациялық өнімдер саласындағы негізгі жетістіктері туралы әңгімеледі. Чэнь Цзуннань 2001 жылы негізі қаланған компанияның шағын ұйымнан жаһандық корпорацияға дейінгі жолын баяндады. Бүгінгі таңда Hikvision халықаралық желісінің бас кеңсесі Ханчжоуда, ал Еуропа, Азия және Америка елдерінде 46 сауда өкілдігі бар. Компанияның өнімдері 150-ден астам елде сұранысқа ие. 2018 жылы компания сатылымдарының көрсеткіші 19% өсіп, 7,3 млрд долларға жетті. Жылдық табыстың 7-8%-ын жаңа әзірлемелерге жұмсайды.
Сонымен қатар, ҚР Президенті сапар аясында Қытайдың ұлттық шәй мұражайы мен Лэйфен Пагодасын аралайды деп жоспарланған.