Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді.
ERNUR.KZ. Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алуымыз қажет. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысында өтіп жатқан «Ұлытау – 2019» Халықаралық туристік форумында айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
«Біз Алтын орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алуымыз қажет. Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру – өте маңызды міндет»,-деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Ұлы ханның үлкен ұлы – Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейтіндігін, ата-бабалардың аманатына адал болу – бізге сын екендігін атап өтті.