«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері»: Шымкент қаласында 5 жолайрық салынады

0
635

Биылғы жоспар бойынша шаһардағы асфальт жолдар үлесі 67,4%-ға артпақ.


«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері»: Шымкент қаласында 5 жолайрық салынады

Әрбір зайырлы мемлекет ел тұрғындары үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруды көздейді. Халықтың әл-ауқатының жақсаруы ел экономикасының тұрақты дамуының алғышарты десек артық айтпаған болар едік.

Жоғарыда айтқан мәселелерге байланысты біздің елімізде ауқымды шаралар қолға алынып, жүзеге асырылып жатыр. Сондай жобалардың бірі де бірегейі – 2021 жылы 12 қазанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің жарлығымен бектіліген «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы. Аталған жоба «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» және «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламаларының, оның ішінде «Ауыл – Ел бесігі» жобасының іс-шараларын қамтиды.

Бұл жоба тұрғындарының ең негізгі проблемаларын шешуге бағытталған. Жоба екі негізгі бағыт бойынша жүргізіледі. Кеңінен айтатын болсақ, ұлттық жоба халықтың базалық қызметтерге тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдайды жақсарту әрі тұрғын үй құрылысын дамыту, сондай-ақ көліктік байланысты қамтамасыз ету және елдің көліктік-транзиттік әлеуетін жоғарылату негізінде жасалған.

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы 2021-2025 жылдарға жоспарланған. Жобаны жүзеге асыруға жұмсалатын қаржының жалпы көлемі 7,6 трлн теңгені құрайды.

Осы жоба негізінде жүзеге асырылатын жұмыстарға тоқталсақ, ең алдымен базалық көрсетілетін қызметтерге тең қол жеткізу бағыты аясында инфрақұрылымды кешенді дамыту бағыты бойынша 16 мың км сумен жабдықтау және су бұру желілерін салуды және реконструкциялауды, 46 топтық су құбырын реконструкциялауды, 785 шақырым иригация желілерін жүргізу және жөндеу жұмыстары жоспарланған. Іс-шараларды іске асыру нәтижесінде ел тұрғындары 2025 жылға қарай ауыз сумен толық қамтылады деп күтілуде. Осы тұста «Су ішетін арығы жоқ елдің, сүзіп алатын балығы жоқ» демекші осы айтылған жоспарлар қағаз жүзінде ғана емес, іс жүзінде іске асса 2025 жылы елімізде су тапшылығы орын алмайды деген сөз.

Тағы айта кететін жайт, инженерлік желілердің тозуы 55% - дан 47% - ға дейін қысқаруы осы жоба аясында іске асырылады.

«Ауыл - Ел бесігі» жобасы шеңберінде ауыл ішінде 12 мың шақырым инженерлік желі, 10 мың км кентішілік жолдар мен 1,5 мың әлеуметтік нысандар салынып, жөнделетін болады. Нәтижесінде елдімекендердегі жолдардың сапасы жақсы және қанағаттанарлық деңгейге жеткізіліп, 3,5 мыңнан астам ауылдың инфрақұрылымы стандарттарға сәйкес болады деп жоспарлануда.

Елімізде тұрғын үй мәселесі өзекті әрі шешілмеген проблемалардың бірі деуге болады. Осы ретте ұлттық жобаның екінші міндеті азаматтарға сапалы әрі жайлы тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру болып саналады. «Жайлы тұрғын үй» бағыты бойынша белгілі санаттарға жататын 180 мыңнан астам адамның жалға алған тұрғын үйге кететін шығынын субсидиялау, 100 мыңнан астам әлеуметтік жалға берілетін және кредиттік тұрғын үй салу және өз қызметкерлері үшін ауылдық жерден үй салған жұмыс берушілердің шығындарын жабу жұмыстары атқарылады.

Сонымен қоса, тағы бір қуантарлық бағыттардың бірі жұмыс істейтін жастар үшін 15 мың тұрғын үй салынады деп жоспарлануда. Өз кезегінде бұл бағыт жастар арасында тұрғын үй мәселесін шешуге ықпал етеді. Жасыратыны жоқ жұмыс істейтін біраз жастардың жалдамалы пәтер жалдап жүргендері аз емес. Айтылған жоспарлар уақытында орындалса, баспана іздеп сабылатын жастар азаяр еді.


Ұлттық жобаның кезекті басым бағыттарының бірі – көліктік байланыстылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл бағыт ішкі көлік желісін дамыту және аумақтардың сыртқы байланысының сапасы мен қолжетімділігін арттыруды көздейді. Осы бағыт негізінде 2025 жылға дейін республикалық маңызы бар жолдардың барлығы, сондай-ақ жергілікті маңызы бар жолдардың 95 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізілетін болады.


Осы ұлттық жобаның екінші бағыты бойынша Қазақстанның үшінші мегаполисі атанған Шымкентте де жүйелі жұмыстар атқарылып жатқаны мәлім. Осы ретте аталған бағыт бойынша өткен жылғы атқарылған жұмыстар мен биылғы жоспарлар жайлы Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасовпен сұхбаттасқан болатынбыз.

Ұлттық жобаның «Көліктік байланысты қамтамасыз ету» бағыты бойынша жергілікті маңызы бар жолдардың үлесін 95 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Осы ретте Шымкентте де 2021-2025 жылдарға арналған ауқымды жобалар қолға алынып, кезең-кезеңімен атқарылуда.

Шымкент қаласы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, 2021 жылы аталған бағыт бойынша бөлінген қаржының жалпы көлемі 44,3 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде 28,8 млрд теңге автомобиль жолдары саласына, 12,8 млрд теңге көлік саласына бөлінген. Ал биылғы жылы 44,9 млрд теңге бөлініпті. Атап айтсақ, 19,0 млрд теңге ұлттық қордан, 12,6 млрд теңге жергілікті бюджеттен қарастырылған.

«Жалпы бізде 2025 жылға дейін 5 жылдық жоспар бекітілген. Бұл жерде 570 жоба деп жоспарлап отырмыз. Оның ішінде 45 жоба құрылыс және қайта құру, 7-еуі күрделі жөндеу, 518 орташа жөндеу. Бұл жобалар жолдардың қанағаттанарлық және жақсы жағдайын арттыру. Бүгінгі күнде қаладағы автомобиль жолдарының ұзындығы 3247 шақырымды құрайды. Оның 2047 шақырымы яғни 63,7 пайызы қанағаттанарлық жақсы жағдайда.

Шымкент қаласы мегаполис мәртебесін алғалы біздің аумақ үлкейді. Енді бұл жердегі бірінші мәселе инженерлік инфрақұрылымды дамыту. Бұларға газ, су, жарық кіргізу сынды жұмыстар жатады. Яғни жол құрылысын бастамас бұрын, су, газ, электр желілерін жүргіземіз. Бұрынғы кезде жол салып, сосын қазып, біраз келіспеушіліктер туындаған болатын. Осы сынды мәселелер туындамас үшін осындай 5 жылдық жоспар бекіттік», - деді Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов.

Ержан Жолдасовтың сөзінше, 5 жылдық жоспарға сәйкес, бес жолайрық салу жоспарланған. Олардың тізімінде былтырғы жылы басталған Қонаев пен Рысқұлов даңғылы бар. Аталған жолайрықтың құрылысы биыл толығымен аяқталады. Сонымен қоса, осы жылы Бәйдібек би мен Арғынбеков көшесіндегі жолайрықтың құрылысы басталған болатын. Үшінші жолайрық Назарбаев даңғылы мен Бәйдібек бидің жалғасы. Төртіншісі Төлеметов пен Бәйдібек би және Жібек жолы мен Рысқұлов жолайрығы.

(фото: Қонаев-Рысқұлов даңғылдарының қиылысындағы жолайрық)

Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының дерегінше, қаламызда 2021 жылы автомобиль жолдары саласында 137 нысанда жөндеу жұмыстары аяқталған. Яғни 189,7 шақырым жол жөндеуден өткізіліпті. Құрылыс және қайта жаңарту бойынша 22,8 шақырым жол жөдеуден өткізілген. 128 нысанда орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. 30,5 шақырым жол күрделі жөндеуден өткен.

Сонымен қатар, жалпы көлемі 237,6 шақырым топырақ көшелерге шағал тас төсеу жұмыстары жүргізіліп, 260 орынға аялдама орнатылған.

Ал биылғы жоспарларға келетін болсақ, осы жылы 141 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарлануда. Оның ішінде құрылыс және қайта жаңарту бойынша 19 нысан (51,5 шақырым), және 19,3 шақырым күрделі жөндеу жүргізіледі. Сондай-ақ, 121 нысанда яғни 223,8 шақырым орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

(фото: К.Цеткина көшесіндегі орташа жөндеу жұмыстары кезінде түсірлген)

Қаламыздағы тағы бір түйткілді мәселердің бірі ол аялдама. Осы мәселе негізінде биылғы жылы 150 орынға аялдама орнатылады деп жоспарлануда. Сонымен қоса, аудан әкімшілігі тарапынан бекітілген көшелерге шағал тас төсеу жоспарланып отыр.

Ендігі кезекте атқарылған жұмыстардың нәтижесіне көз жүгіртсек, 2021 жылдың нәтижесі бойынша республикалық маңызы бар Шымкентте асфальт жолдардың үлесі 63,6% жетіп отыр. Биылғы жоспар бойынша шаһардағы асфальт жолдар үлесін 67,4%, 2023 жылы 71,2%, 2024 жылы 75%-ға жеткізу жоспарда бар.

Түйіндей келе, 2021-2025 жылдарға арналған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының түпкі мақсаты - халықтың өмір сүру сапасын жақсарту десек, осы жоба арқылы біраз жылдан бері шешімін таба алмай келе жатқан бірқатар мәселер назарға алынып отыр. Ендігі кезекте ол мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табады деген сенімдеміз.

Халық үшін жол мәселесі бірінші кезекте. Жалпы осы ұлттық жоба аясында 2025 жылы миллионды қаланың асфальт жолдар үлесін 79 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

Ұлбосын Әбілсейітқызы,

ERNUR.KZ