«Күлге көміп тастаған»: Павлодар облысындағы 7 жасар қыздың өлімі бойынша жаңа деректер айтылды

0
641

Жеткіншектің шешесі мен оның көңілдесі қамауға алынды.


«Күлге көміп тастаған»: Павлодар облысындағы 7 жасар қыздың өлімі бойынша жаңа деректер айтылды

ERNUR.KZ. Павлодар облысында өз қызын қасақана өлтірді делінген әйел мен оның көңілдесі қамауға алынды. Күдіктілер жеті жастағы Милана Давыдованың денесін қоқысқа көміп тастап, «бала жоғалды» деп полицияға хабарлап, екі күн бойы бірге іздескен, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Айналдырған бес жүзге жетер-жетпес тұрғыны бар Бесқауға ауылынан маза қашқан. Екібастұздан елу шақырым жердегі елдімекенге еріктілерден бастап, тәртіп сақшылары мен құтқарушылар осыдан үш күн бұрын келе бастаған еді. Жұманың кешінде жоғалды деген жеті жасар Милана Давыдованы іздеп түгел шарлады. Ақыры бүлдіршіннің мәйіті алыстан емес, үй маңындағы үйілген күл мен қоқыс астынан табылды. Қандықол қылмыскер бөгде адам емес, баланың туған анасы болып шықты. Қызын ұрып өлтіріп, ашынасына көмдірген көрінеді.

«Кәмелетке толмаған қызды өлтірді деген күдікпен полиция қызметкерлері анасы мен оның танысын ұстады. Ұсталғандар өз кінәсін мойындады. ҚР ҚК 99-бабы, 3-бөлігі, адам өлтіру бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», - деді Павлодар облысы ПД бастығының орынбасары Болат Нұрсейітов.

Күдікке іліккен безбүйрек ананың жасы 39-да. Бесқауға ауылында балаларымен бір өзі тұрған. Ал күйеуі мал бағып күзеуге кеткен екен.

«Мен жайлауда болдым. Маған қызың жоғалып кетті деп хабарлады. Олар демалыста маған келуі керек еді. Қоңырау шалып, Милана саған келмеді ме деп сұрады. «Не болып қалды, ол қайда?» деп сұрадым. Жоғалып кеткенін білгеннен соң, жаяу айналаны қарап шықтым», - дейді қыздың әкесі Александр Колтин.

Көршілері қызын өлтірді деген келіншектің арақтан аузы құрғамайтын дейді. Күнара мас болып көше жағалап кететін кездері көп болған. Ал үшінші сыныпта оқитын Милана пысық болып өсіпті. Бейресми деректерге қарағанда, анасын көңілдесімен ұстап алып, әкесіне айтып бермекші болған. Сондықтан қаршадай қызды өлтіріп тынды деген өсек ауыл ішінде желдей есіп тұр.

Қазір күдікті ана мен сыбайласы қамауда отыр. Бүлдіршінді Екібастұзда жерлейді.

Биыл елімізде алты бала жақындарының қолынан өлген. Осыдан тура бір жыл бұрын Ақтөбеде де туған әкесі төрт жасар ұлын ұрып өлтіріп, артынан балам жоғалды деп елді шулатқан. Ол кезде де бүлдіршіннің өлі денесі даладан табылған еді.