Мұндай қаржыға 400 жаңа жұмыс орнын ашуға болады.
ERNUR.KZ. Жетісу облысы орталығында бұралқы иттер мен мысықтарға арналған 200 орындық орталық ашылмақ, деп жазады stan.kz.
Блогер, қала әкімінің бұрынғы кеңесшісі Нұр Қанатұлы жобаға бөлінетін қаражаттың әжептәуір екенін айтты. Оның айтуынша, мұндай қаржыға 400 жаңа жұмыс орнын ашуға болады.
"742 миллион теңгеге кемінде 70 кіші цех немесе өндіріс орнын ашуға болады. Әр нысанда 5-6 адам жұмыспен қамтылады. Шамамен 400 жұмыс орны. Иә, келісемін. Бұралқы иттер мен мысықтарға орталық керек. Оның құны әрі кетсе 50-100 миллион теңге болуы қажет. Бұны бюджеттен бөлінген ақшаны орынсыз пайдалану деп санаймын", – дейді Нұр Қанатұлы.
Ал әкім орынбасары Рүстем Бершінбековтың айтуынша, бұл мәселені жануарларды қорғау ұйымы облыс және қала әкімдерінің халықпен кездесуінде бірнеше рет көтерген.
"Бүгінде жоба сараптамаға жіберілген. Сол себепті толық ақпарат бере алмаймыз. Бірақ шамамен жоба құны – 742 миллион теңге. Айдың аяғында сараптама нәтижесі белгілі болады. Содан кейін ғана бюджетке өтінім жіберіледі", – дейді қала әкімінің орынбасары.
Белгілі болғандай, бұралқы иттер мен мысықтарға арналған паналау орталығы Өтенай ауылында салынбақ. Оған арнайы жер телімі де бөлінген. Алайда қала тұрғындары мен белсенділер облыс басшылығы шешімін өзгертіп, қаражаттың бір бөлігін Талдықорғанның күрделі мәселелерін шешуге жұмсайтынына сенеді.
Еске салайық, Жаңаөзенде тұрғындар итке таланған балалардың суретін ұстап көшеге шықты. Олардың айтуынша, "Жануарларды қорғау туралы заң" күшіне енгелі ауыл-аймақта бұралқы төбеттер көбейген. Салдарынан балалар мектепке жалғыз барудан қорқады екен. Оның үстіне иесіз иттердің шабуылына төтеп бере алмаған балалар түрлі ауыр жарақат та алыпты. Ал Жаңаөзен қаласының әкімдігінің мәліметіне сәйкес жыл басынан бері 64 адамды ит қапқан, оның ішінде 36-сы жасөспірімдер екенін жаздық.