Дем салған уақытта науқастың жанында болу керек
Фото: istockphoto.com
ERNUR.KZ. Жақында науқастарға онлайн дем салып жүрген тәуіп туралы жазған едік. Балтабай Омарбек атты емшінің елмен видео арқылы сөйлесіп, «сүф-сүфпен» емдеп жүргені әлеуметті желіде тараған. Осы жайында шариғатта не делінгеніні туралы ҚМДБ жауап берді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Шариғат және пәтуа бөлімінің хабарлауынша, дем салушы адам сүнниттік сенімді ұстанатын, діни сауаты бар, шариғат бұйрықтарына берік, тыйым салынған істерден бойын аулақ ұстайтын болуы керек.
«Алла елшісінен бізге жеткен дем салу түрі дұғалар оқылып, оқылған дұғаларды үрлеп және өзіне дем салғанда денесін сипаумен іске асады. Фатиха сүресін оқып дем салған хадисте демді үрлегендігі баяндалады. Басқа да дем салуға қатысты хадистерде де осылай жеткен. Қади Ғияд былай дейді: «Дем салған кезде берекеге толы демді тікелей үрлеуде пайда бар». Сондықтан ауыздан шыққан демде емдік әсері бар. Онлайн дем салу офлайн дем салғандай болмайды. Себебі дем салған уақытта науқастың жанында болуы керек, дем салу барысында пайдалы болуы үшін дем салушы адам науқасқа демді үрлейді. Егер науқасқа дем салу үшін бара алмаса, науқастың да келуге шамасы болмаса суға дем салып беріп жібергені дұрыс. Дұға етіп шипа тілегені де қайырлы», - делінген жауапта.
ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімі дем салудан кейінгі шипа Алладан болғандықтан онлайн дем салудың әсерін мүлдем жоққа шығара да алмайтынын қосып өтті.