Құрбан айт үш күн тойланады.
Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy
ERNUR.KZ. Құрбан айт - мұсылмандардың ең қасиетті мерекелерінің бірі. Бұл күндері мұсылман қауым құрбандық шалып, бір-біріне бауырмал бола түседі. Биыл Құрбан айт 27 мамырда басталады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Құрбан айт мешіттегі Айт намазынан басталады. Тек Айт намазы оқылғаннан кейін ғана мұсылмандар құрбандық шала бастауы тиіс. Ары қарай бұл мейрам қазақ халқының дәстүріне сай, әдемі киініп, үй тазалап, бір-біріне «Айт құтты болсын!» айтумен жалғасады.Шамасы келген адамдар құрбандық шалып, оның етін туған-туыс, көршілер мен мұқтаж жандарға үлестіреді және дастархан жайып қонақ күтеді.
Құрбан - араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды. Құрбандық шалудың мәні тереңде екенін ұғыну үшін діннің не екенін, құлшылықтың не үшін жасалатынын жақсы білген жөн.
Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі.
Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады. Мұсылман адам қара бастың қамын ғана ойламауы тиіс. «Өзім ғана ішсем, жесем, өзім тоқ болсам болды» деген түсінік бұл мейрамның мәніне жат.
Айт мейрамы негізінен мұсылман қауымы үшін ұлық мереке әрі үлкен қуаныш. Құрбан шалу уәжіп болу үшін төмендегі мына шарттар сақталуы тиіс.
- Мұсылман болу;
- Құрбан айт уақытында жолаушы болмау;
- Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки құнына тең келетін ақша.
- Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес. Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Өйткені, малды ғибадат үшін соятыны сияқты, тек қана етін пайдалану үшін де союға болады.
Ал, редакциямыз былтыр жазғандай, ипотекасы немесе басқа да несиелері бар адамға құрбандық шалу міндет емес.
«Яғни қарызын шығарып тастаған кезде, артық дүниесі нисаб мөлшеріне жетпесе, ол адамдар құрбандық шалмаса да болады. Керісінше, қарызын төлеуін кешіктіруге себепкер болып құрбандық шалса, ол ұнамсыз амал саналады. Шариғатымыз жағдайы жоқ, қарызын қайтаруға сенімді емес кісінің қарыз алып құрбан шалуын құп көрмейді. Егер ол қарызын төлей алатынына сенімді болса, онда қарыз алып мал союына болады. Ал төлей алмаймын, кешіктіріп аламын-ау деп қорықса, мұндай кезде қарыз алып құрбандық шалуы құпталмайды», - деген еді бізге көлемді сұхбат берген Мүфтият маманы Елбек Тасболатұлы.
Алайда дәл қазір қолында ақшасы жоқ, бірақ артық дүниесі нисаб мөлшеріне жетіп тұрған бақуатты адам құрбан малы үшін қарыз алуға міндеттеледі. Шариғат бойынша Алланың разылығы үшін құрбан шалған адам сол малдың етін түгелдей өзіне алып қала алады немесе бәрін садақа етіп тарата да алады.
Құрбан айт күндері құрбан малын бауыздамай, ақшасын садақа ете салу дұрыс емес. Өйткені, шариғат бойынша мейрам күндері қан ағызу – міндет.
Астана қаласында санитарлық және ветеринарлық талаптарға сай арнайы құрбандық шалу орындары бекіді. Мұндай орындарда таңғы сағат 08:00-ден 18:00-ге дейін мал союға болады.


