Жиын барысында облыс аумағында мектеп бітіру кештерін, банкеттерді, автокортеждер ұйымдастыруға жол берілмейтіні атап өтілді.
Түркістан облысында мектеп түлектеріне және жалпы қоғамдық қауіпсіздікке қатысты шаралар күшейтіледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында қоғамдық-саяси ахуалды тұрақтандыру, өзекті мәселелерге дер кезінде назар аудару, келеңсіз жайттардің алдын алу – қашанда басты назарда. Осыған орай, бүгін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев осы және өзге де маңызды мәселелер жөнінде апталық штаб отырысын өткізді.
Жиынға Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Тлемисов, Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Арман Тіленшин, облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов, Түркістан облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алихан Алентаев, Түркістан облысы полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ерлан Асқаров және Түркістан облысы Дін істері басқармасының басшысының міндетін атқарушы Қайрат Абуов қатысты.
Штаб отырысында «Ақпараттық-талдау орталығы» КММ ресурстары арқылы бұқаралық ақпарат құралдарына жүргізілетін мониторинг және сол бойынша шешім қабылдау алгоритмі жобасы қаралды. Сонымен қатар мектеп бітірушілердің қатысуымен өтетін іс-шаралар кезіндегі қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті күшейту мәселелері талқыланды. Құрбан айт мерекесіне дайындық жұмыстары да сөз болды.
Жиын барысында облыс аумағында мектеп бітіру кештерін, банкеттерді, автокортеждер ұйымдастыруға жол берілмейтіні атап өтілді. Сондай-ақ мейрамханаларда, кафелерде, демалыс аймақтарында және табиғат аясында мектеп бітіруге қатысты іс-шараларын өткізуге тыйым салынады. Аттестат пен диплом тапсыру рәсімдері тек білім беру ұйымдарының қабырғасында ұйымдастырылады.
Облыс әкімінің орынбасары 25 мамыр күні оқушылар тарапынан автокортеждер, көлік шеруі және өзге де рұқсат етілмеген іс-шаралардың алдын алу үшін рейдтік, түсіндіру және патрульдік бақылауды күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар бітіру іс-шаралары өтетін білім беру ұйымдарының маңындағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, балалар мен тұрғындар көп шоғырланатын демалыс орындарында қауіпсіздік рейдтері мен кезекшіліктерді күшейтуді жүктеді.
Жиында жауапты өкілдер мен құзырлы орган тарапынан алгоритмге сәйкес, жұмыс жүргізу, қоғамдық-саяси ахуалды бақылауда ұстап, тиісті шараларды қабылдау тапсырылды.
Айта кетейік, қазіргі таңда Түркістан облысындағы 1106 орта мектепте 554776 оқушы білім алуда. Оның ішінде 940 мемлекеттік мектепте – 499 780 оқушы, 166 жекеменшік мектепте – 54 996 оқушы оқиды. Биыл 9-сыныпты – 47 174 оқушы, 11-сыныпты – 35 294 түлек аяқтайды. Ұлттық бірыңғай тестілеуге 30682 түлек өтініш берген. Бұл 11-сынып бітірушілердің 87 пайызын құрайды.


