Бағдат Мусин курстасы Мірболат Құрмашевтің жиһанкез азамат болғанын еске алды.
ERNUR.KZ. Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин әлеуметтік желідегі жеке парақшасында көзге жас үйіретін жазба қалдырды. Күні кеше Түркиядағы үйінді астынан денесі табылған Мірболат Құрмашевті еске алған министр отандасымыздың іскер маман, жақын дос, халқына жанашыр азамат болғанын еске алды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
«Соңғы үміт оты сөнді. Сенгім келмейді… Соңына дейін үміттеніп едік. Алайда Мирус бауырымыздан айырылып қалдық…» - деп бастаған естелігін Бағдат Мусин.
Айта кетейік, Түркияның Хатай елді мекеніндегі толық қираған үйдінің астынан екі қазақстандықтың денесі табылған. Бағдат Мусиннің айтуынша, қаза тапқандардың бірі – Мірболат Құрмашев кезінде «Astana Hub-тың» жұмысына тегін атсалысқан.
«Мирус екеуіміз курстас болдық. Ол өте креативті еді, ауқымды дүниелер жасағысы келетін, тартымдылығының арқасында адамдарды ұйымдастыра алатын. Дінге берік адам еді.
Мағжан («Astana Hub» бас директоры Мағжан Мәдиев - ред) Астана Хабты құру бойынша алғашқы қадамдарын бастағанда ол көп көмек етті, тегін, ешқандай келісімсіз. Қолынан келгенін істеп, Қазақстанның IT-саласын дамытуға үлесін қосты», - дейді Бағдат Мусин Мірболат Құрмашев жайлы.
Мусиннің айтуынша, марқұм Мірболат Құрмашев Қазақстанда бірнеше бизнес идеясын жүзеге асырғысы келген. Мусин назар аудартқан басты мәселе – Мирус курстасы министр болған кезде мемлекеттен көмек керек бірнеше жобасынан өз еркімен бас тартқан екен. Яғни, «курстасы министр болған соң, жобаларын жүзеге асырып жатыр» деген сөзге қалмау үшін стартаптарын шетелге әкеткен.
«2020 жылы мемлекеттің қатысуымен бір-екі жобаны іске асырғысы келді. Бірақ Мемлекет басшысы мені министр етіп тағайындаған кезде ол жобалардан өз еркімен бас тартты. «Арамызда түсініспеушілік тудыратын жағдайларды болдырмау үшін мен идеяларымды шет елде жүзеге асырамын», деді ол. Мирус – жиһанкез, біраз жерде болды, бірақ тұрақталу үшін Түркияны таңдап, соңғы екі жыл негізінен сол жақта тұрып жатты. Президенттің Анкараға ресми сапарының алдындағы қазақстандық IT-мамандарының сол жаққа барғанын бәріңіз білетін шығарсыздар. Біз сол кезде оларды Ыстамбұлдың бірнеше ірі IT-компаниясына апарған едік. Мирус осы іс-шараның негізгі ұйымдастырушысы болды», - деп жазды Мусин.
Айта кетейік, Мірболат Құрмашев Astana Hub технопаркінің халықаралық агенті болған. Жер сілкінісі кезінде ол әріптестері Әділ Қадырбеков, Сабина Мамадьярова және Құбилай Кескинмен бірге Хатай провинциясында болған. Жер сілкінісінен кейін олармен байланыс күрт үзілген. Түнде Мірболат Құрмашевтің ағасы бауырының өлі табылғанын мәлім етті. Бір күн бұрын осы үйіндінің астынан отандасымыз Әділ Қадырбековтің денесі табылған еді. Сабина Мамадьярова екі күн бұрын аман-есен табылған, оның қолы сынып, қазір ауруханада жатыр.