Қыз алып қашқандар 7 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді

0
1 052

Оқиға 2019 жылдың мамыр айында болған.


Қыз алып қашқандар 7 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді

ERNUR.KZ. Алматы облысында достарына қалыңдық алып қашамыз деп бастары дауға қалған төрт ауылдасқа қатысты сот шешімі шығып, олардың ұзақ мерзімге бас бостандығы шектелді, деп жазады ҚазАқпарат.

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 2019 жылдың мамыр айында болған. Сарқан ауданының 22 жастағы тұрғыны үйлену мақсатында өзінің ескі танысын алып қашуды жоспарлаған. Алып қашу операциясына ауылдас достарын шақырған. Барлығы қалыңдықтың келісімімен іске асатынына сенімді достары оған қарсы бомааған.

Дегенмен, Сарқан қаласынан қалыңдықты алып қашу барысында қыз бен үйленуші жігіттің арасында ешқандай сөз байласудың жоқ екені белгілі болады. Шаңырақ көтеруге асыққан достары қалыңдығын жеткізіп беріп, өздері үйлеріне кетеді. Еркінен тыс әкелген қалыңдықты жергілікті учаскелік полиция инспекторы құтқарып, үйіне аман-есен жеткізген.

«Сарқан ауданының полициясына еркінен тыс адам ұрлау дерегі бойынша хабар түсті. Айтқан уәждерін тыңдамаған жігіттердің жібермейтінін түсінген қалыңдық амалын тауып, ішкі істер органдарына хабар береді. Зардап шегуші тарапынан полицияға арыз түсті. Дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодекстің 125-бабына сәйкес іс қозғалып, қылмыстың мән-жайы анықталды»,- деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.

Жақында Сарқан ауданының соты «сүйіктісін» алып қашқан әрекеті сәтсіз шыққан 22 жастағы тұрғын мен оның заңсыз әрекетіне қолдау берген үш досы қылмыс жасағандығы үшін кінәлі деп танылып, жеті жыл бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.

Сот шешімі заңды күшіне енді.