17 бас ақбөкен жануарының өлі денесі және 54 дана мүйізі табылып айғақ зат ретінде алынған.
ERNUR.KZ. Қызылорда облысында рейд барысында 17 бас киік атқандар ұсталды. Бұл туралы Қызылорда облыстық табиғи ресурстар басқармасы мәлімдеді, деп жазады Ulysmedia.kz.
Басқармаға қарасты «Қызылорда облыстық жануарлар дүниесін мемлекеттік қорғау жөніндегі мамандандырылған мекемесінің» мамандары «Охотзоопром ӨБ» РМКҚ қызметкерлерімен бірлесіп рейд жүргізді.
Кезекті іс-шара барысында табиғат сақшылары Жалағаш ауданына қарасты Жырық атты скважинасы маңында «Тайота ланд крузер – 100» автокөлігі күдік тудырып, қырағы мамандар көзіне іліккен. Алайда ізін суытпақ болған белгісіз тұлғаның Жалағаш ауданына қарасты Қызылшын деп аталатын жерде көлігі өртенгендігі байқалды. Сол жерден барлығы 17 бас ақбөкен жануарының өлі денесі және 54 дана мүйізі табылып айғақ зат ретінде алынған.
Бірлескен іс-қимылдардың нәтижесінде Жалағаш аудандық полиция бөлімімен бірлесіп, сол маңды қарау барысында Шақшақ деп аталатын мал ауылынан күдік келтірілген Қызылорда қаласының тұрғыны анықталды. Қазіргі таңда орын алған оқиға бойынша мән-жайды қарап, шара қолдану үшін құжаттар мен айғақ заттар Жалағаш аудандық полиция бөліміне өткізілді,-делінген хабарламада.