Үлестерін қайтару үшін тұрғындар апелляциялық соттан көмек сұраған.
ERNUR.KZ. Қызылорда облысы Қармақшы ауданында бүтін бір ауыл тұрғындары өздеріне тиесілі жерді бұрын судья болған азаматтан қайтара алмай жүр. Ауылдықтардың айтуынша, Нұрлан Іздібаев жалған құжаттар жасап, халыққа тиесілі жердің 98 пайызын заңсыз алып қойған, деп жазады stan.kz.
Үлестерін қайтару үшін тұрғындар апелляциялық соттан көмек сұраған. Бірақ бұл жолы да сот дауды экс-судьяның пайдасына шешті. Аппелляциялық соттың шешімі шығатын күні "Жерімізді қайтарады" деп үміттенген Ақтөбе ауылының тұрғындары таң атқаннан сот ғимаратына барған. Бірақ алыстан ат арытып жеткен ауылдықтар тіпті сот залына да кіре алмады. Экс-судьяның пайдасына шығарылған шешімді талап қоюшылар табалдырықта тұрып естіді.
Тұрғындардың айтуынша, бұрын судья қызметінде болған қазір қожалық төрағасы Нұрлан Іздібаев ауылдағы 18 мың гектар жерді 9 жыл бұрын заңсыз алып қойған. Бұл жайлы мүлдем хабарымыз болған жоқ дейді үлескерлер. Тіпті жерді пайдалану құқығын төрағаға беру туралы сенім хатқа қойылған көпшіліктің қолы да жалған екенін жақында білгендерін айтады.Осылайша қожалық төрағасы егістік пен шабындық алқабының 98 пайызын тек жеке пайдасына алып, ауылға мүлде жағдай жасамай келеді деп ашулы тұрғындар.
“Жалған сенімхаттар бар. Нотариустер жауапкершілікке тартылмады. Бұл жерде заң бір тарапты жұмыс істеп жатқан сияқты. Бұрын осы сот саласында қызмет еткен. Сот саласынан белгілі себептермен жұмыстан босаған. Бұл жердегі судьялармен ол әріптес болып қызмет жасаған. Қарға қарғаның көзін шұқымайды дейді ғой”, – дейді Ақтөбе ауылының тұрғыны Нұрхан Мадияров.
Ал төрағаның өзі заңсыз әрекетке бармадым, ешкімнің жерін тартып алмадым дейді.
“Сенімхат бойынша мен ешкімнің басын куәландыра алмаймын. Оған ҚР заңдарына сәйкес нотаруистер бекітіп береді. Сенімхат заңдылығымен жұмыс жасаған. Мен нотариусты мәжбүрлей алмаймын”, – дейді “Ақтөбе и К” ЖШС директоры Нұрлан Іздібаев.
Осы мәселеге байланысты қазір аудандық полиция "жалған құжат жасау" бабы бойынша қылмыстық іс жүргізіп жатыр. Алайда Қызылордадағы экономикалық және апелляциялық сот та тұрғындар талабын қанағаттандырмады. Көпшілік мұны қожалық басшысының бұрынғы қызметімен байланысты деп күдіктенеді. Сондықтан ауылдықтар енді жоғарғы соттан үміт күтеді.