Той жасап жатқан ерлі-зайыптылар алты бала тәрбиелеп отыр.
ERNUR.KZ. Қызылорда қаласында ерекше той болып өтті. Ерлі-зайыпты Талғат Аманжолов пен Махаббат Қалыбаева үйлену тойын 13 жылдан кейін жасады, деп жазады ҚазАқпарат.
Ерлі-зайыптылар 2006 жылы отау көтерген болатын. Ол уақытта Талғат 21, Махаббат 17 жаста екен. Екеуі достарының тойында танысып, бір-бірін ұнатып қалады. Көп ұзамай қол ұстасып, отбасылық өмірге қадам басуға шешім қабылдайды. Әкесі ертерек дүниеден озғандықтан Аманжоловтар отбасындағы үш қыз, екі ұлды анасы Гүлдерай өсіріп жетілдірді. Ұлдың кенжесі болғанмен Талғат ешкімге салмақ салғысы келмеген, бірақ өзімен қол ұстасып үлкен өмірге қадам басқан жұбайы Махаббатқа үйлену тойын кейін жасайтынына уәде берген болатын. Дегенмен тұрмыс жағдайымен арада жылдар өтіп, сол уәдені орындаудың орайы енді келді. Бүгінде Талғат пен Махаббат алты бала тәрбиелеп, үш ұл мен үш қыздың ата-анасы атанды.
«2006 жылы екі жақтың келісімімен Махаббаты алып қаштым. Жасыратыны жоқ, дүбірлетіп той жасауға шамамыз келген жоқ. Шаңырағымда тек беташар рәсімін атқардық. Мешітте және заңды некемізді қидырдық. Сол сәтте Махаббатқа үйлену тойын жасап беруге уәде еткен едім. Сол уәдемді орындаудың орайы енді келді. Біздің бұл шешімімізге екі жақтың үлкендері қарсы келген жоқ. Бізге ақ батасын берді», - деді Талғат ҚазАқпарат тілшісіне.
Талғат осылайша қазақ жігітінің уәде берік болатынын тағы бір мәрте дәлелдей түсті. Отбасылық өмірде қос жас еселі еңбек етумен қатар шаңырақ шаттығына баланған ұрпақ өсіріп, оларға өнегелі тәрбие беруге көңіл бөліп отыр. Олардың үлкені Расул биыл 11-ге толса, одан кейінгі Нұрғайша 10, Мансұр 9, Қанағат 8, Айзере 5, Ару 4 жасқа толды.
«Ата-анам мені дәстүрге сай қолдан ұзатқысы келді. Дегенмен жолдасым екеуміздің шешімімізге қарсы болған жоқ. Өздерінің батасын беріп, бізге ақжол тіледі. Кешегі тойда ата-анам ақ тілегін ақтарып, көзіне жас алып жатты. Әрине, менің қалыңдық көйлегін киіп, той төрінде отырған сәтімде ерекше сезім мен қобалжу болғаны жасырын емес. Жарымның кезінде неке қияр сәтте айтқан уәдесінде тұрып, осындай той жасап бергеніне риза болдым», - деді Махаббат.
Отбасы мүшелері бұл тойға үш ай бойы дайындық жасаған екен. Олар өздерінің ойын алдымен анасы Гүлдерайға жеткізген. Алғашқыда «жұрт не ойлайды», «ыңғайсыздық болмай ма» деген ойдың да қылаң бергені рас. Дегенмен анасы қарсы болған жоқ. Ұлының шешіміне қолдау білдірді. Сондай-ақ, жас жұбайлар жастар шеруін де ұйымдастырған екен.
«Бәрі де өзіміз ойлағандай болды. Той дәстүрге сай жөн-жоралғысымен өтті. Біздің тойымызға куәгер болған балаларымыздың да қуанышында шек жоқ», - дейді олар.
Аталмыш тойды басқарған жергілікті асаба Алмасбек Молжігітов алғашқыда өзіне ұсыныс түскенде таңғалысы болғаны айтады. Мән-жайды түсіндіргеннен кейін ұсынысты қуана қабыл алған.
«Өз тәжірибемде мұндай той бұрын-соңды болған емес. Оның жоғары дәрежеде өтуіне қолдан келгенше шын ықыласыммен кірістім. Оған келген қонақтар саны да аз болған жоқ. Ағайын-туыс жүрекжарды лебізін білдірді. Жалғыз анасына салмақ салмай, өзінің азаматтық қасиетін көрсеткен Талғат пен оның жігерін жықпай қолдау көрсеткен жары Махаббатқа ақ тілегін арнаған ағайынның саны аз емес. Мұны жас буынға өнеге ретінде көрсетуге болады. Қазіргі жастар қиындыққа төзе бермейді. Ас та төк той жасап, артынан жолы екіге ажырап кетіп жатқан отбасылар да кездеседі. Бұл - сондай жандарға сабақ болатын көрініс», - деді Алмасбек Молжігітов.