Үш жасар қыздың басқа да металл бөлшектерін жеп үлгерген-үлгермегені белгісіз.
ERNUR.KZ. Алматыдағы дүкендердің бірінде ішінде сым бар нан сатылған. Нанның ішінен мұндай қауіпті затты тұрғындардың бірі тауып алған екен. Ол баласына нанды бөліп берген кезде металл жаңқасын байқағанын айтады, деп жазады Stan.kz.
Әйелдің сөзінше, ол қызының аузынан сымды шығарып алған. Үш жасар қыздың басқа да металл бөлшектерін жеп үлгерген-үлгермегені белгісіз.
Алматылық әйелдің айтуынша, нанның астыңғы жағы ұсақ жаңқаға толы болған. Қазір ол қызының жағдайын барынша жіті бақылап жүргенін айтады.
Ал нан-тоқаш өнімдерін шығаратын комбинаттағылар мұндай жағдай туралы білген бойда, жұмысшыларды барлық сауда нүктесіндегі тауарларды тексеруге жібердік деп отыр. Олардың сөзінше, басқа нандардан металл жаңқасы табылмапты.
Наубайханадағылар нанның астында ұсақ жаңқанын қайдан пайда болғанын түсіндіре алмады. Алайда мән-жайды анықтап, кінәліні табуға уәде етті.
«Мұндай жағдайдың қалай, қашан орын алғанын анықтағымыз келеді. Бізде сынамалық қамыр бөлгіште дайындалады. Ол жерге адам қолы тимейді. Қалыптар автоматты түрде майланып, қамыр автоматты түрде құйылады. Әрі қарай толықсыту-пештік агрегатына жіберіледі», - дейді «Ақсай» ЖШС өндіріс бойынша бас директорының орынбасары Күләш Әубәкірова.