«Лайк» басу – күнә іс»: Мүфтият кибербуллингке қатысты пәтуа шығарды

0
140

​Пәтуаға сай, біреуді қорлаған жазбаға лайк басу – күнәға тең болды.


«Лайк» басу – күнә іс»: Мүфтият кибербуллингке қатысты пәтуа шығарды

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

ERNUR.KZ. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы кибербуллингке қатысты пәтуа шығарды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Ғұламалардың үкіміне сай, шариғатта біреуді қорқытуға, қорлауға, мазақ етуге, айыбын ашуға, кемсітуге тыйым салынады.

«Кибербуллинг – бұл интернет немесе басқа да әлеуметтік желі, ұялы телефон арқылы біреуді қорқыту, кемсіту, қорлау. Шариғатта біреуді қорқытуға, қорлауға, мазақ етуге, айыбын ашуға, кемсітуге тыйым салынған. Алла Тағала Құранда былай дейді: «Уа, иман келтіргендер! Ешбір қауым екінші бір басқа қауымды мазақ етпесін! Бәлкім, солар (мазақ еткендері) өздерінен қайырлы болар. Әйелдер де басқа әйелдерді (мазақ етпесін) бәлкім, солар (мазақ еткендері) өздерінен қайырлы болар. Сондай-ақ өз-өздеріңді даттамаңдар әрі бір-біріңе жаман лақап тақпаңдар. Әс-Сәфәрайни былай дейді: «Кімде-кім жолдастары мен достарының бірін жек көрсе немесе мазақ етсе не мүминнің бірін қорласа, кемсітсе ашық күнә жасапты». Сондықтан кибербуллингке және буллингтің кез келген түріне тыйым салынады», - деп хабарлады мүфтияттың баспасөз қызметі.

Осылайша, ғұламалар:

кибербуллингке және буллингтің кез келген түріне шариғат тұрғысынан қатаң тыйым салынады;

әлеуметтік желі, ұялы телефон арқылы жалған ақпарат тарату, оны бөлісу, сондай-ақ біреуді балағаттап, қорлап жазба қалдыру және оған ортақтасып «лайк» басу – күнә іс;

біреудің жеке жазбаларын, суреттерін, бейнежазбаларын шығарамын деп қорқыту, біреудің дінін не мәдениетін кемсіту және т.б. кибербуллингтің түрлеріне тыйым салынады деген пәтуа шығарып отыр.