Трагедия 25 қарашада Алматы маңындағы Арман ауылында республикалық маңызы бар жолға шығатын ақылы кеденде болған.
ERNUR.KZ. Алматы облысында бес оқушыны қаққан жүргізушінің туыстары қайтыс болған баланың үйін күндіз-түні күзетіп, қара жамылған отбасынан кешірім сұрап жүр, деп жазады sputnik.kz.
Трагедия 25 қарашада Алматы маңындағы Арман ауылында республикалық маңызы бар жолға шығатын ақылы кеденде болған. Мектеп автобусынан түскен бес оқушыны Lexus көлігі қатты жылдамдықпен соққан. Салдарынан бір оқушы көз жұмып, үшеуі ауыр халде жатыр.
Оқушылар мінген автобусты мектептен қайтып бара жатқанда "ҚазАвтоЖол" мамандары ақылы жолдан өткізбеген. Өйткені автобустың 60 мың айыппұлы болған. Бұл айыппұлды тіпті Іле аудандық білім бөлімі де білмеген.
"Мектеп автобусының 60 мың айыппұлы болғанын естіген емеспіз. Бізге ешқандай есеп қағазы (счет) жіберілген жоқ. Сол күні автобус республикалық маңызы бар жолмен жүруге мәжбүр болған. Өйткені ауылдың Өтеген батыр жақпен жүретін жолын күрделі жөндеуге жауып тастаған", - дейді Іле аудандық білім бөлімінің басшысы Ләззат Капкеева.
Оқушылар отырған автобуста қарт ата-ана мен мектеп мұғалімі де болған. Айыппұлын есептеп, жүргізуші бір сағат терминалда тұрғанда оқушылардың бірінің ата-анасы сырттан келіп, баласын терезеден шығарып әкетеді. Автобустағы қарт ата-ана да жүргізушіні сағаттап тосуға шыдамай, баласын жетектеп сыртқа ұмтылады. Артынан 3-4 оқушы ере шыққан. Ал оқушыларға жауапты мұғалім еш қарсылық көрсетпеген көрінеді.
"Автобуста болған мұғаліммен сөйлестік. Ата-ана қасында болғандықтан еш қауіптенбестен оқушыларды сыртқа шығарып жібергенін айтты. Әлі де тексеру болады", - дейді аудандық білім бөлімінің басшысы.
Көлік қаққан бес оқушының екеуі ағайынды, бір үйдің балалары. Жібек 12 жаста, ал Сабыржан 10 жаста. Отбасында екі қыз, бір ұл болған. Өкінішке орай Сабыржан сол күйі есін жимастан ауруханада қайтыс болды, ал Жібектің денесі бірнеше жерден сынған. Дәрігерлер жағдайын ауыр деп бағалады. Қазір травматология бөлімінде жатыр. Екі бала да сабақта зерек, озат болған дейді мектеп директоры.
"Сабақта үлгерімі де, тәртібі де жақсы еді. Мұнтаздай болып киініп жүретін. Сабыржан ағылшын тілін өте жақсы көретін. Қоғамдық жұмыстардан да қалмайтын", - дейді №13 мектептің директоры Аяулым Керімқұлова.
Ауыл тұрғындары жол апатына көлік жүргізушісі ғана емес, әкімдіктің де, "ҚазАвтоЖол" мамандарының да кінәсі бар дейді. Олардың айтуынша, ауылға қатынайтын жолды емес, Іле ауданының әкімі өзінің қара басының қамын ойлаған. Дәл балалар тұратын ауылдан айналасы ат шаптырым жер алып, бір жылда зәулім үй тұрғызған. Тіпті, асфальт төсетіп, жарықтандырып тастаған.
Арман ауылында жол 2000 жылдан бері жөндеу көрмеген. Жол былай тұрсын, ауылдағы ең аяғы балабақшаға дейін сатылып кеткен.
"Анашым, саған сүйеу болам" деуші еді, құлыным ай... Ауылдың проблемасы шешілу үшін менің балам өлу керек пе еді?! Неге автобус жолы жасалмады? Әкім сол жолды жасамай қайда қарады?", - деп аңыраған марқұм Сабыржанның анасы талайдың сай-сүйегін сырқыратты.
Балаларды қаққан Lexus көлігінің 28 жастағы жүргізушісі Байсерке ауылында тұрады. Күнделікті осы терминал арқылы өтіп, қалаға жұмысқа қатынап жүрген. Мамандығы – банк менеджері. Жақында қалыңдығын әкеп, үйленуді жоспарлап жүрген. Жүргізушінің туыстары қайтыс болған оқушының отбасынан кешірім сұрап, үйін күндіз-түні күзетіп жүр.
"Балам күнде қоңырау шалып, жұмыстан шыққанын, келгенін айтып тұратын. Сол күні: "Мама, мені күтпеңіз, мен енді келмеймін", - деп бір ауыз ғана айтты, болды. Ести салып, апат болған жерге әрең жеттім. Сол күннен бастап балалардың қасында бірге түнеп жүрміз. Кісі баласының қамы ғой, қарағым. Екі дүниеде Алланың мұндай сынағынан сақтасын. Өле-өлгенше кешірім сұрап өтемін. Басқа амалым бар ма, айтыңыздаршы", - деп еңірейді кінәлі жүргізушінің анасы Ғалия Ақпейісова.
Жол апаты болған жерде 60, 40 деген белгілер орнатылған. Алайда портал мәліметінше онда 40 км/сағат жылдамдықпен жүрген бір де бір көлік болмаған.
Қазіргі күні апатқа кінәлі жүргізуші тергеу абақтысында отыр. Оның туыстары мемлекеттік адвокаттардың бұл іске мойын бұрмай жатқанын айтады. Ал шырағы жанбай жатып, сөнген кішкентай Сабыржанның денесі жер қойнына 5 желтоқсан күні тапсырылады.
Айта кетері, осы жылдың 10 айында республика көлемінде 11 861 жол апаты тіркеліп, онда 2 030 адам қаза болып, 15 349 адам жарақат алған.