Маңғыстау облысында аңшылық адам өлімімен аяқталды: Марқұмның мәйітін бірнеше сағат жүксалғышта сақтаған

0
108

Екі ер адам аңшылыққа қайықпен шыққан.


Маңғыстау облысында аңшылық адам өлімімен аяқталды: Марқұмның мәйітін бірнеше сағат жүксалғышта сақтаған

Фото:depositphotos.com

ERNUR.KZ. 2 желтоқсан күні Маңғыстау облысы Қарақия ауданында екі ер адам құс аулауға шыққан. Алайда аңшылықтың соңы адам өлімімен аяқталды. Марқұмның жақындары мылтықтың абайсызда атылғанына сенбейді, деп жазады stan.kz.

Екі ер адам аңшылыққа қайықпен шыққан. Маңғыстау облысы полиция департаментінің хабарлауынша, 49 жастағы ер адам мылтықпен 52 жастағы жолдасына абайсызда оқ атқан. Салдарынан ер адам оқиға орнында көз жұмды.

Осы факті бойынша қылмыстық кодекстің 99-бабы “Кісі өлтіру” бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеудің алдын ала нұсқасы бойынша, кісі өлімі абайсызда болған. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, сараптамалар тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Марқұмның мәйітін бірнеше сағат жүксалғышта сақтағанФото: threads.com/@adildik2025

Алайда марқұмның туыстары оқиғаның абайсызда болғанына сенбейді.

“1 желтоқсанда аңға төрт ер адам шыққан. 2 желтоқсан күні күндіз ер адамның басына оқ тиіп, сол жерде қаза тапқан. Дегенмен шұғыл жәрдем көрсетіліп, полиция шақырылмаған. Мәйітті көлікті жүксалғышына салып, 3 желтоқсан түн ортасына дейін 9 сағат бойы тасыған. Содан кейін ғана Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізген. 2 желтоқсан күндіз қаза болған сәттен 3 желтоқсан түнде дене жеткізілгенге дейінгі кезең қылмыстың абайсызда болды деген нұсқасымен мүлдем сай келмейді. Бұл өте маңызды ”, – дейді ер адамның жақындары.

Туыстарының айтуынша, қайық, қару, киім және қаза тапқан адамның телефоны жасырылған, ал аңға барған күдіктіден басқа адамдар іс бойынша куәгер ретінде танылып, бостандықта жүр. Сөздерінше, бірнеше сағат бойы денені тасымалдап, оқиға туралы тиісті органдарға хабарламаған адамдарды тек куәгер деп санауға болмайды. Марқұмның отбасы істі жауып тастаудан қауіптеніп отыр.