Жол-көлік оқиғасы салдарынан 4 адам оқиға орнында қаза тапқан.
ERNUR.KZ. Маңғыстау облысында төрт адам қаза тапқан жантүршігерлік жол апатының кадралары пайда болды, деп жазады tengrinews.kz.
Жол апаты болған жерден түсірілген видео жергілікті пабликтерде жарияланды.
Сонымен қатар, зардап шеккендердің жағдайы да белгілі болды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, 42 адам Бейнеу көпбейінді орталық аудандық ауруханасына жеткізілген.
"Олардың төртеуі жансақтау бөлімінде, 13 адам травматология бөлімінде, қалғандары амбулаториялық ем алуға жіберілді", – деп хабарлады Денсаулық сақтау басқармасы.
Ведомство барлық зардап шеккендерге қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатқанын, жағдайдың тұрақты бақылауда екенін мәлімдеді.
Айта кетейік, 16 қаңтарда сағат 1:03 шамасында Yutong маркалы автобустың жүргізушісі көлік тізгініне ие бола алмай, салдарынан автобус жол жиегіне аударылған. Көлік салонында 48 жолаушы болған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 4 адам оқиға орнында қаза тапқан.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. Автобус жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды.


