Тұрғындар 3-тен 5 сағатқа дейін электр желісінен ажыратылады.
ERNUR.KZ. Маңғыстау облысында елді мекендер кезең-кезеңімен электр энергиясынан ажыратылатын болады. Бұл туралы өңір әкімінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.
Бұған дейін хабарланғандай, биылғы 13 тамызда №3 энергоблоктың авариялық жөндеуде болуына және «МАЭК» ЖШС-нің электрстанциясындағы №1 ЖЭС энергоблогының мәжбүрлі тоқтатылуына байланысты электр энергиясын тұтынуға ішінара шектеулер енгізілген еді («КЕГОК» АҚ Ұлттық диспетчерлік орталығы диспетчерінің келісімімен).Өңірде жедел штаб құрылды. Оның құрамына уәкілетті мемлекеттік органдар мен коммуналдық қызмет өкілдері кірді. 13-14 тамызға қараған түні жедел штаб жұмысы барысында бірінші санаттағы объектілерді (әлеуметтік және денсаулық сақтау объектілері) электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселесі қаралды, - делінген Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынған хабарламада.
Бүгінде өңір елді мекендерін электр энергиясымен пропорционалды қамтамасыз ету үшін жарықтан кезең-кезеңімен ажырату шешімі қабылданып отыр. Яғни тұрғындар 3-тен 5 сағатқа дейін электр желісінен ажыратылады. Бұл шара «МАЭК» энергоблоктарындағы апат жойылғанға дейін жалғасады.
Бұдан бөлек, қарапайым тұтынушыларды энергиямен қамту үшін ірі өнеркәсіптік нысандарға электр энергиясын беру шектелмек.
Жедел штаб өңірде электр энергиясымен мәселені тез арада қалпына келтіру мақсатында бірқатар шараларды қабылдап жатыр, - деді облыс әкімдігінен.
Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаев жауапты тұлғаларға барлық коммуналдық қызметтердің үйлесімді жұмысын ұйымдастыруды тапсырды. Сондай-ақ «МАЭК»энергоблоктарындағы апат жойылғанға дейін өнеркәсіп тұтынушылары мен тұрғындарға электр энергиясын үнемді пайдалану туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жүктеді.
Еске салайық, Маңғыстау өңірінің бірқатар елді мекені 11 тамыз күні түстен кейін жарықсыз қалған болатын. Кейін «МАЭК» ЖШС апаттың себебін түсіндірді.
13 тамызда МАЭК-тегі апатқа байланысты Маңғыстау өңірінде кей елді мекендерге жарық беруге шектеу енгізілгені мәлім етілді.