Маңғыстауда балалар мен жүкті әйелдер арасында індет жұқтыру артқан

0
521

Эпидемиолог вакцина алған адамдарда иммунитет қабаты қалыптасатынын айтқан.


Маңғыстауда балалар мен жүкті әйелдер арасында індет жұқтыру артқан

ERNUR.KZ. Маңғыстаулық эпидемиолог Марал Қадыр «Бірінші байлық» бағдарламасында өңірдегі эпидемиологиялық ахуал туралы айтып берді, деп жазады baq.kz.

"Өңірдегі эпидемиологиялық жағдай алаңдатып отыр. Біз 3 шілдеден бастап «қызыл» аймақтамыз. Оның бәсеңдейтіні көрінбейді. Күнде 100-дің үстінде науқас тіркеліп жатыр. Олардың өмірін сақтап қалу – біздің басты мақсатымыз. Қазір ауруханаларда 407 адам жатыр. Оның ішінде 280-і ПТР-сынамасы оң нәтижелі, 127-сі - пневмонияның асқынған түрі. 18 кішкентай бала ауырып жатыр. Олардың ішінде 10-ы асқынған пневмониямен жатса, 8-і ПТР сынамасы бойынша анықталды", - деді эпидемиолог.

Оның айтуынша, жүкті әйелдер арасында індет жұқтыру саны артқан.

"Жүкті әйелдердің ауру жұқтыруы 45-ке көтеріліп отыр. Бұрын 20-дан астпайтын еді. 45 жүкті және жас босанған аналар коронавируспен ауруханада жатыр. Оның пневмониямен асқынғаны 6, ПТР 39-ында оң нәтиже көрсетті. Жансақтау бөлімінде 38 науқас жатыр. 12 науқастың жағдайы - аса ауыр. 26 науқастың жағдайы ауыр болып отыр. Дәрігерлер қазір солардың өмірі үшін күресіп жатыр", - деді Марал Қадыр.

Маман айтқандай, ӨЖА аппаратына 6 науқас қосылған.

"ӨЖА (ИВЛ) – кеңірдекті кесіп, ішіне жасанды тыныс алдыру түтікшесін салып қою. ӨЖА-да жатқан 6 науқас мұрыннан түтікше салу арқылы оттегімен тыныс алып жатыр. Өттегі маскасымен 12 науқас демалып жатыр. Олардың орта жасы – 56,6. Демек, бұдан да жоғары жастағы адамдар да бар деген сөз. Балалар арасында 3-ке дейінгі науқас көп", - деді ол.

Айта кетейік, Маңғыстау облысы қазір «қызыл» аймақта тұр. Облыс әкімдігінің мәліметінше, Маңғыстау облысында бір тәулікте 4 адам коронавирустан қайтыс болған. Ақтауда 63 адам індет жұқтырса, Мұнайлы ауданында - 32, Маңғыстау ауданында - 3, Түпқараған ауданында - 9, Қарақия ауданында - 14, Жаңаөзенде 20 адам індет жұқтырған. Науқастардың ішінде 84 адамда симптомы бар, 57-сінде симптомсыз індет анықталған.

Еске салсақ, аталған бағдарлама барысында эпидемиолог вакцина алған адамдарда иммунитет қабаты қалыптасатынын айтқан болатын.