Маңғыстауда балаларға арналған діни пансионаттардың қызметі тоқтатылды

0
779

Прокурорлардың талап-арыздары бойынша сот шешімімен пансионаттардың барлығы да жабылды.


Маңғыстауда балаларға арналған діни пансионаттардың қызметі тоқтатылды

ERNUR.KZ. Маңғыстау облыстық прокуратурасы балалар пансионаттары түріндегі қайырымдылық мекемелерін тексеру барысында, балаларға заңсыз діни ілім берген 5 пансионатты анықтады, деп жазады sputnik.kz.

Оның екеуі Мұнайлы ауданында, қалғандары Түпқараған ауданы, Жаңаөзен мен Ақтау қаласында орналасқан. Пансионаттар қайырымдылық мекемелері ретінде ашылып, балаларға діни ілім берген.
"Діни әдебиеттерді пайдаланған, діни мағлұматтарды үйреткен. Ол жерлерден діни кітаптар анықталып, тәркіленді. Пансионаттарда 50-ге жуық бала тәрбиеленгені белгілі болды. Осы жағдайға байланысты балалардың ата-аналары Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 127-бабымен жауаптылыққа тартылды", - дейді облыс прокурорының аға көмекшісі Бағдат Карленов.
Пансионаттарда санитарлық, өрт қауіпсіздігі, еңбек заңнамалары да сақталмаған. Осылайша балалардың білім, тәрбие және уақтылы медициналық көмек алу құқықтары мен бостандықтары айтарлықтай бұзылған. Тексерулер нәтижесінде пансионат басшыларына 11 әкімшілік хаттама толтырылып, 1 миллион 300 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
Прокурорлардың талап-арыздары бойынша сот шешімімен пансионаттардың барлығы да жабылды.