Маңғыстаудағы трагедия: жатақханадағы өрттің неден шыққаны белгілі болды

0
568

​Өрт түнгі сағат 4 шамасында басталған. Бұл кезде жатақханадағы адамдар ұйықтап жатқан.


Маңғыстаудағы трагедия: жатақханадағы өрттің неден шыққаны белгілі болды

ERNUR.KZ. Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаменті Боранкөл кен орнындағы жатақхана ғимаратынан шыққан өрттің себебін анықтап жатыр. Төтенше жағдай кезінде екі жұмысшы көз жұмды, деп жазады sputnik.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша өртке электр сымының қысқа тұйықталуы себеп болуы мүмкін. Бұл туралы Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мұрат Мұқанов мәлімдеді.

Жалын 400 шаршы метр аумаққа шарпыды. Жатақхананың жалпы аумағы 800 шаршы метрді алып жатыр.

"Өртті сөндіруге Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 5 адам және 1 техника, сондай-ақ "ҚазМұнайТеңіз" ЖШС мемлекеттік емес өртке қарсы қызметінің жеке құрамынан 11 адам мен 4 техника тартылды. Өрт себебі әлі де анықталып жатыр. Электр сымының қысқа тұйықталуы өрттің шығуына себеп болды деген алдын ала болжам бар", - деп "Лада" басылымы Мұрат Мұқановтың сөзінен үзінді келтірді.

Мұқановтың айтуынша, өрт сынақ зертханасы төтенше жағдайлар департаментінен оқиға орнына жүріп кетті.

"Жатақхана 55 жұмысшыға арналған. Өрт кезнде ғимарат ішінде 18 адам болуға тиіс еді. Бірақ сегіз адам түнгі ауысымда жұмыс істеген. Сағат 4:45 шамасында өрт басталған, бұл уақытта жұмысшылар ұйықтап жатқан. Алайда өртке қарсы дабылдың іске қосылуының арқасында сегіз адам қауіпсіз жерге қашып үлгерді. Өкінішке қарай екі адам көз жұмды", - деді Мұрат Мұұанов.

2000 жылы бой көтерген жатақхана ғимараты негізінен жеңіл металл конструкциялардан тұрады.

"Тергеу барысында ғимарат қандай материалмен қапталғаны анықталады", - деді Мұрат Мұқанов.

Өрт кезінде адамдар терезеден секірген

Маңғыстау облысында 6 қыркүйекке қараған түні Боранкөл кен орнында "ҚазМұнайТеңіз" ТМК" ЖШС-ға тиесілі екі қабатты жатақхана ғимаратынан өрт шықты.

Біраз бұрын дәрігерлер берген ақпарат бойынша зардап шеккен азаматтың бірі өрт кезінде жатақхана терезесін сындырып, төменге секірген. Соның салдарынан оның өкше сүйегі сынып, қолын жарақаттады. Ол аудандық орталық аурухананың хирургия бөліміне жатқызылды.

Терезеден секірген тағы бір жәбірленуші ешқандай дене жарақатын алмағанмен газға уланып қалған. Ер адам аурухана жеткізілді.

Қайғылы оқиға салдарынан 58 жастағы ер адам (Ақтау) және 45 жастағы әйел адам (Бейнеу) қаза болды.