Сотталушының бұрын әкімшілік жауапқа тартылғаны ескерілді.
ERNUR.KZ. Семей тұрғыны медицина қызметкерін балағаттағаны үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Сот материалына сәйкес, биыл 24 қазанда ер адам қалалық аурухананың неврология бөлімінде медицина қызметкерінің ар-намысына тиетін сөздер айтқан. Дәрігердің ескертуіне де, заңды талаптарына да құлақ аспаған.
Судья әкімшілік жаза тағайындау кезінде құқық бұзушылықтың сипатын, істің мән-жайын және сотталушының жеке басына қатысты деректерді, соның ішінде бұрын әкімшілік жауапқа тартылғанын ескерді. Сот оны кінәлі деп танып, 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасын кесті.
Айта кетері, медицина қызметкерін балағаттағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Ал дәрігерге күш қолданған жағдайда қылмыстық жаза қолданылады. Бұған дейін Қазақстанда медицина қызметкерлеріне күш қолдану фактілері бойынша 50-ге жуық қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған.


