Маңғыстаулық шаруалар мал азығының бағасын 50 -60 пайызға арзандатуды талап етті

0
784

​Қуаңшылықтың салдарынан жыл бойы малдарына азық таппай қиналған маңғыстаулық шаруалар қымбатшылықтан зардап шегіп жатыр.


Маңғыстаулық шаруалар мал азығының бағасын 50 -60 пайызға арзандатуды талап етті

Шаруалар үкімет пен әкімдік бюджетінен қыруар қаржы бөлініп жатса да "мал азығын алу үшін қарызға белшеден баттық" дейді. Мал баққан азаматтар енді облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтан жем-шөпті арзандатуды талап етіп отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.

Қуаңшылықтан әбден қысылған маңғыстаулық шаруалар қарызға белшеден батқан. Жыл бойы мал азығын сатып алып, қалталары әбден жұқарған олар енді қаражатты қайдан алатындарын білмейді. Азықты үнемдеп бергеннің өзінде, бір бас ірі қара бір күнде мөлшермен жарты қап жемді тауысады. Қазір төрт түлікті бағу шаруа қожалықтарына күннен күнге қиынға соғып барады дейді шаруалар.

Сондықтан облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтан мал азығының бағасын 50 -60 пайызға арзандатуды талап етіп отыр.

“Ол талапта 1 келі отруб 50 теңгеден, 1 түк шөп 500 теңгеден, 1 бума шөп 8000 теңгеден сатылсын деген талап қойдық. Және бұл талапты 25 қаңтарға дейін орындап, осы талабымызды қанағаттандыруын сұрадық”, – дейді шаруа Әділбек Сағындық.

Министрдің қабылдауында да болған шаруалар жағдайдың күн санап күрделеніп бара жатқанын айтады. Олар өңірде нағыз аязды күндер ақпанда болады деп болжап отыр. Сондықтан, талабымыз тез арада орындалсын дейді. Дегенмен, шенеуніктер шаруалардың қалауын жасауға асығар емес.

“Басқа өңірлердегі Маңғыстау облысындағы сияқты шаруа қожалықтары шөп орумен егістік шаруашылығымен айналысып, өз нәпақаларын көріп отыр. Қазіргі уақытта Солтүстік облыстарда қыс түсуіне байланысты бір орамаға 10 мың теңге көлемінде қалыптасып отыр. Оның үстіне жол шығындары бар. Дизель отынының бағасы бар, бәрі өзіндік құнына қосылады”, – дейді Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Қазбек Тәшімов.

Басқарма басшысының айтуынша, "Каспий" әлеуметтік корпорациясы арқылы мал азығын тасымалдаушы операторларға 250 миллион теңге несие ретінде берілген. Ал шаруаларға мал азығын ең төмен бағада тасымалдап жүрген операторлардың бірі Ерлан Рысбай, қазір басқа өңірден жеткізілетін жем мен шөптің қымбаттағанын растап отыр.

“Қыс айы басталғаннан кейін 4000-5000-ның рулондары екі есе өсті. Өз құны мұнда келгендегі 12 500-13 000 теңге болып келеді. Халықтың сұрап жатқан 500 теңге түк шөп, 8000 теңге орама дегені өте орынды. 50 пайызы егер де қысқартылса онда халыққа 8000 теңгеден сатып алуға мүмкіндік бар”, – дейді мал азығын тасымалдашы Ерлан Рысбай.

Әкімдіктің мәліметінше өңірдегі мұнай компаниялары қаржылай қолдау білдіріп, мал азығын арзандатуға көмек беріп жатыр. Соның арқасында шаруалардың бірдейлендіру базасына тіркелген мал басына бір келі жем 75 теңгеден сатылып жатыр екен.