Қазақстанда электронды сауданы одан әрі дамыту үшін 2027 жылға дейінгі электронды сауданы дамыту жоспары іске асырылып жатыр.
Саланы дамыту үшін ведомствоға бағынысты Kaztrade компаниясымен бірлесіп, бүкіл республика кәсіпкерлеріне электронды сауданы дамыту мәселелері бойынша онлайн-семинарлар өткізіліп жатыр. Сонымен қатар электронды сауда саласындағы кәсіби стандарттар да өзектендірілуде. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР Сауда және интеграция министрлігі Ішкі сауданы дамыту департаментінің директоры Ансар Оразалиев мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, қазіргі таңда маркетплейстерде «Қазақстанда жасалған» арнайы бөлімдерін енгізу арқылы отандық тауарлардың қолжетімділігі артып келеді. 2024 жылы электронды сауда платформаларына арналған бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу және сүйемелдеу жобалары бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және кепілдік беру түріндегі мемлекеттік қолдау қағидалары қабылданды.
«Қазақстандық маркетплейстердің (B2B форматы бойынша) Қытайдан тауар сатып алу жөнінде жаңа жобалары іске асырылуда. Тікелей сатып алу делдалдар тізбегін қысқартып, тауар санатына байланысты сатып алу құнын 10–30%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Ашық тарифтерді енгізу және бағаны ашық декларациялау ірі импорттаушылар тарапынан негізсіз баға өсімін шектейді», – деді Ансар Оразалиев.
Ведомство өкілінің айтуынша, Ozon және Wildberries маркетплейстері Астана мен Алматыда жалпы ауданы 291 мың шаршы метр болатын үш фулфилмент орталығын салу бойынша инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырып жатыр. Осыған байланысты биыл 4 қарашада Фулфилмент орталықтарына арналған ұлттық стандарт (сақтау мен жеткізуден бастап тапсырыстарды басқару және тауарды қадағалау жұмыстарына дейін) бекітілді. Ол 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Стандарт тек сақтау процестерін ғана емес, тауарлардың өткізілуін де қамтиды. Бұл халықаралық практикаға сәйкес келеді. Оның енгізілуі сауда саласына инвестициялар тартуға және электронды коммерцияны одан әрі дамытуға ықпал етеді.
«Электронды сауданың ұлттық операторы – «Қазпошта» АҚ YTO Express және JD.com ірі халықаралық компанияларымен бірлесіп, сыртқы электронды сауда саласында жобаларды іске асыруда. Осы жобалар аясында Алматы облысында электронды сауда тауарларын өңдеуге мүмкіндік беретін тарату орталығы салынып жатыр, сондай-ақ Орталық Азия мен ТМД нарықтарына арналған JD.com платформасының қазақ-орыс тіліндегі нұсқасы іске қосылады», – деп мәлімдеді спикер.


