Медуза шағып алса да, рекорд орнатты: қазақстандық Ла-Манш бұғазын жүзіп өтті

0
165

Мәди Ұлыбритания мен Франция арасында 14 сағат 37 минут өткізді.


Медуза шағып алса да, рекорд орнатты: қазақстандық Ла-Манш бұғазын жүзіп өтті

Фото: Мәди Әділхановтың архиві

ERNUR.KZ. PhD докторанты және қазақстандық әуесқой жүзуші Мәди Әділханов ашық суда жүзудегі ең беделді қашықтықты - Ла-Манш бұғазын бағындырды. 15 сағатқа жетпейтін уақыт ішінде 40 шақырымнан астам қашықтықты еңсерген нәтиже елдің жаңа рекорды болды, деп жазады tengrisport.kz.

Тарихи жүзу 8 тамызда өтіп, оны жүзу және кемелерді ертіп жүру федерациясының (Channel Swimming & Piloting Federation) ресми өкілдері тіркеді.

Мәди Ұлыбритания мен Франция арасында 14 сағат 37 минут өткізді. Енді бұл нәтиже қорытынды ратификацияны күтіп отыр.

Ұйым деректеріне сүйенсек, бұған дейін Ла-Маншты еліміздің тек екі өкілі - Мәдина Құрманбаева мен Әнел Сытдықова ғана жүзіп өткен. Осылайша, Әділханов Қазақстанның ұлттық рекордын орнатып, Ла-Манш арқылы өтетін ресми жүзу тарихына енген елдегі алғашқы ер азамат атанды.

Қатаң ережелерге сәйкес, ресми статистикаға ену үшін жүзушілерге гидрокостюмді, сондай-ақ арнайы препараттарды қолдануға тыйым салынады. Сонымен қатар бүкіл жүзу барысында еріп жүру қайығына қол тигізуге болмайды.

Бұл жүзудің 1875 жылы британдық жүзуші Мэттью Уэбб бұғазды жүзіп өткен кездегі тарихи жағдайларға сәйкес келуі үшін жасалған.

Рекордтық жүзуден кейін Tengri Sport Мәдимен байланысып, мән-жайды білді.

Ауызға кіріп кеткен медуза мен суға аққан тамақ: жүзу кезіндегі басты қиындықтар

Жас қазақстандық бірнеше жылдан бері әлемнің басты су нысандарын бағындырып келеді. Мәселен, 2023 жылы ол әйгілі Гибралтарды жүзіп өткен.

Ла-Манш тек дайындық тұрғысынан ғана емес, жүзеге асыру жағынан да өте қиын мақсат болып қала берді. Әділхановтың айтуынша, қашықтықты қауіпсіз жүзіп өтуге болатын ауа райының қолайлы кезеңі өте қысқа, ал жүзу кезегі бірнеше жылға созылған.

Мәди ғылыми және коммерциялық қызметпен айналысады (PhD докторанты), бірақ ол Босфорды (Азиядан Еуропаға) және Гибралтарды (Еуропадан Африкаға) жүзіп өтіп үлгерген.

"Жүзу - бұл хобби. Өзім үшін, денсаулық үшін, өйткені бір нәрсемен жайдан-жай айналысу қиын, белгілі бір мақсат керек", - деді Мәди тілшімізбен әңгімелесу барысында.

Ла-Маншты жүзіп өткендердің ресми тізімінде барлығы 2 мыңға жуық адам бар, бұл - алғашқы рекорд тіркелген сәттен бергі 150 жыл ішіндегі көрсеткіш.

Мәдидің айтуынша, жүзу кезіндегі ең ауыр сынақ толқындар немесе дененің жүктемеге реакциясы емес, күтпеген жерден медузаға тап болуы болған.

"Бірде фидинг кезінде - тамақ беріп жатқанда - толқын іліп кетіп, арқан моторға оралып қалды. Тамақты жіберіп алдық, ол су астына кетіп қалды, арқанды кесуге тура келді. Бірақ ең үлкен келеңсіздік мен медузалар үйірінің арасынан өтіп бара жатқанда болды.

Дем алып, қолды сермеген сәтте солардың бірі ауыз қуысына кіріп кетіп, ернім мен тілімді күйдіріп жіберді. Соның салдарынан әрі қарай тыныс алу мен тамақтану қиындады. Бұл жылдамдық пен қарқынға әсер етті, бірақ кейін біртіндеп басылды. Ісіну мен аллергиялық реакция болмағаны сәттілік болды", - деді Мәди.

Бұдан кейін - тек тауға шығу

Ла-Манштан кейінгі Мәдинің келесі мақсаты - тауға шығу.

"Жақында Эверестің базалық лагерінде болдық. Маңайдағы лагерьлер мен шыңдарды араладық. Ол жақ өте қызық, бірақ қаржыландыру жағынан қиындық бар, егер демеуші табылса, Эверестке шыққым келеді. Тау өте ұнайды", - деп атап өтті ол.

- Яғни, сіз енді жүзуді тау шыңдарына алмастыруды шештіңіз бе?

"Олар әрқашан қатар жүретін", - деді рекордшы.