​Мектеп мұғалімі тек 5 құжатты ғана толтыруға міндетті

0
3 885


​Мектеп мұғалімі тек 5 құжатты ғана толтыруға міндетті

ERNUR.KZ. Мектеп мұғалімі тек 5 құжатты ғана толтыруға міндетті, одан артық салмақ салынса, мектеп басшылығының үстінен арыз түсіруге болады, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

Білім және ғылым вице-министрі Асxат Аймағамбетовтың айтуынша, аталған мәселе жиі көтеріледі. Себебі мұғалімдер қағазбасты жұмыстан босамайды. Оларды көптеген құжаттарды толтыруға міндеттейді.

"Осыған байланысты білім және ғылым министрлігі биыл арнайы бұйрық шығарды. Онда мектеп мұғалімі толтыратын құжаттардың нақты тізімі көрсетілген. Бес құжат қана, ол - журнал, күнделік, балаларды сумативті-формативті бағалау, күнтізбелік және пәндік жоспар. Болды. Мұғалім тек осы құжаттарды ғана толтыруға міндетті. Басқасына уақыт кетіруге міндетті емес", - деді А.Аймағамбетов.

Оның айтуынша, мұғалімдердің жүктемесін одан артық көтеруге болмайды. Мектеп басшылығы артық жұмыс берсе, арыз түсіруге болады.

"Білімді бақылау департаментіне xабарласуға болады. Ондай департаменттер барлық облыстарда бар. Арыз түссе, тиісті шаралар қолға алынады", - деп атап көрсетті А.Аймағамбетов.

Айта кетейік, бүгін Астанада Тамыз конференциясының пленарлық мәжілісі өтті. Сол жерде министр Ерлан Сағадиев жоғары оқу орындарына ескерту жасады.

"Былтыр мемлекеттік гранттардың саны 10 мыңға артты. Биыл тағы 20 мың грант бөлінді. Демек, онымен бірге жоғары оқу орындарының жауапкершілігі артады. Біз білім сапасына баса назар аударамыз. Ал бұл мәселені қалай қадағалаймыз? Біріншіден, жас мамандардың жұмысқа тұру рейтингі бойынша әрбір жоғары оқу орнының жұмысын бағалаймыз. Егер аталған көрсеткіш төмен болса, онда сол мамандық бойынша лицензияны кері қайтаратын боламыз. Бұл - басты көрсеткіш. Себебі жұмыс нарығында әрбір түлекке сұраныс болуы қажет", - деп атап көрсетті Е.Сағадиев. Колледжерге қатысты тура сондай шаралар қолданылады.