​Мектептерде «Өлкетану» пәні оқытылады

0
2 491

Әрбір өңірдің өрендері мектеп қабырғасында өз туған өлкесін танып білуі керек.


​Мектептерде «Өлкетану» пәні оқытылады

ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан мектептерінде үшінші тоқсаннан бастап «Өлкетану» пәні оқытыла бастайды. Сабақ барысында оқушыларға қасиетті Қызылжар өңірінің киелі жерлері, даңқты тұлғалары, көркем табиғаты жайында мол мағлұмат берілмек. Петропавл қаласындағы Оқушылар сарайында аталған пәнді оқытуға арналған «Өлкетану» оқулығының таныстырылымы өтіп, кітап авторларымен кездесу ұйымдастырылды, деп жазады Baq.kz.

Әрбір өңірдің өрендері мектеп қабырғасында өз туған өлкесін танып білуі керек. Сондықтан да облыстарда оқытылатын оқулық та әртүрлі. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің проректоры, тарих ғылымдарының докторы Ақмарал Ибраева, Қазақстанның құрметті азаматы, профессор Зарқын Тайшыбай және Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Мәлікова бірігіп жазған «Өлкетану» оқулығы келер жылдан бастап, 5-7 сыныптарда білім алып жүрген 14 мың шәкіртке оқытыла бастайды.

«Біз үшін бұл жұмысты жауапкершілікпен атқарып шықтық. «Өлкетану» деген атаудың өзі қасиетті. «Отан», «Туған жер» деген ұғымдарды өскелең ұрпақтың санасына жеткізуді мақсат тұттық», - дейді оқулық авторларының бірі Зарқын Тайшыбай.

Жаңартылған мазмұн бойынша оқитын мектептерге арналған оқулықта «Қазақстан тарихы», «Қазақ әдебиеті», «География», «Музыка» пәндеріне қосымша терең білім алуға қажетті мағлұматтар топтастырылған, сондай-ақ балалардың зерттеу дағдыларын дамытуға арналған түрлі тапсырмалар ұсынылған. Авторлардың айтуынша, оқулық балалардың жас ерекшеліктеріне байланысты жеңіл жазылған, суретермен көркемделген. Тақырыптар жиырма сағатқа шақталған.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», – деген болатын. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін еліміздің орта білім беру жүйесіне жаңа пән енгізілуде. Оқулықта облысымыздың белгілі тұлғалары мен тарихи орындары жайында мәлімет топтастырылған», - дейді облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова.

Кездесуге келген ұстаздар оқулыққа байланысты өз пікірлерін ортаға салды. Онда жазылған мәліметтерді оқушылар естерінде жақсы сақтауы үшін Қызылжардың көркем жерлеріне саяхаттар ұйымдастыруды жалғастыру қажеттігі де сөз болды. Бұл тұрғыда әл-Фараби мектеп лицейінің тәжірибесі көпшілікке ұнады. Оқушылар апта бойы ауыл-аймақты, қасиетті жерлерді аралап, халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрімен танысып қайтқан.