Мектептердің 30 пайызында дәретхана далада орналасқан

0
1 262

Үлкен мәселе 1950-1970 жылдары салынған мектептер төңірегінде болып тұр


Мектептердің 30 пайызында дәретхана далада орналасқан

ERNUR.KZ. Қазақстандағы мектептердің 30 пайызында дәретхана далада орналасқан, деп жазады Tengrinews.

"Мектептердің 30 пайызында дәретхана далада орналасқан. Бұл расында да проблема. Ол мектептер 1950-1970 жылдары салынған", - деді білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова үкіметтегі баспасөз мәслихаты барысында.

Оның айтуынша, әкімдіктегілер өңірлерде осы мәселені бақылап, оны министрліктегілерге баяндап тұруы тиіс. "Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында елімізде апатты мектептердің проблемасы бар екенін айтып өтті. Біз бұл мәселені осымен 7-10 жыл талқылап жатырмыз. Республикалық бюджеттен жеткілікті қаражат бөлініп жатыр, бірақ демографиялық өсімге байланысты, ірі агломерациялардың дамуына байланысты үш ауысыммен жұмыс істейтін мектептердің проблемасы әлі сол күйі қалып отыр", - деді вице-министр.

БҒМ өкілдерінің мәліметінше, үш ауысыммен жұмыс істейтін мектептердің басым бөлігі Алматы облысында орналасқан. Онда мұндай 23 мектеп бар екен. Еске сала кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында еліміздегі білім беру сапасын жақсартуды тапсырған болатын.