Мектептердің бейнекамералары полицияға тікелей қосылды

0
685

Бейнебақылау жүйелері білім ошақтарындағы зорлық-зомбылық, оқушылар арасындағы тәртіп бұзушылық болған жағдайда жедел анықтап, әрекет етуге септігін тигізетін болады.


Мектептердің бейнекамералары полицияға тікелей қосылды

ERNUR.KZ. Маңғыстауда 52 мектептің бейнебақылау жүйесі облыстық полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған, деп жазады inbusiness.kz.

Ал 38 ауыл мектебі жергілікті полиция басқармасының күзет бөлімшелеріне тіркелді. Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы Светлана Төлебаеваның мәліметінше, мұндай шаралар Ақтау қаласының 26 мектебіне, Жаңаөзеннің 24 білім ошағына, Маңғыстау ауданындағы 22 және Мұнайлыдағы 16 мектепке жүргізілді.

Жалпы Маңғыстау облысы бойынша 143 мемлекеттік мектеп жұмыс істейді. Қауіпсіздік шараларын аудан мектептерінде кезең-кезеңмен жүзеге асыру жоспарланып отыр.

«Облыстағы 143 мемлекеттік мектептің барлығында бейнебақылау жүргізіледі. Қосымша бейнекамералар сатып алынуда. Талаптарға сәйкес, мектептердегі аналогтық камералар цифрлік камераларға ауыстырылуда», - деді Светлана Төлебаева.

Аталған шаралар ҚР Білім және ғылым, Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министірліктерінің бірлескен «Барлық деңгейдегі білім беру ұйымдарында білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі 2021-2022 жылдарға арналған бірлескен жол картасы» аясында іске асырылып жатыр.

Бейнебақылау жүйелері білім ошақтарындағы зорлық-зомбылық, оқушылар арасындағы тәртіп бұзушылық болған жағдайда жедел анықтап, әрекет етуге септігін тигізетін болады. Бір айта кетерлігі, енді мектеп ішілік заң бұзушылықты бүркемелеуге қиынға соғады.