Ақтөбе – Қандыағаш тасжолы бүгіннен бастап ақылы болады

0
41

Жеңіл автокөлікпен ақылы бөлікті бір бағытта жүріп өту құны алдын ала төлеген жағдайда 240 теңге.


Ақтөбе – Қандыағаш тасжолы бүгіннен бастап ақылы болады

Фото: ҚазАвтоЖол

ERNUR.KZ. Бүгін, 2026 жылғы 15 қарашадан бастап республикалық маңызы бар «Ақтөбе – Қандыағаш» автожолының 89 шақырымы ақылы жүйеге көшірілді, деп жазады Azattyq Rýhy.

Аталған учаске бұрыннан жұмыс істеп тұрған «Қандыағаш – Мақат» ақылы жолының құрамына енгізілді. Осылайша, жолдың жалпы ұзындығы 469,5 шақырымға жетті.

Жолдың 11+000 және 87+200 шақырым аралығында барлық көлік түрінен ақы алынады. Ал қалған бөлігінде төлем тек автобустар мен жүк көліктеріне қарастырылған. Жеңіл автокөліктер бұл учаскелермен тегін жүре алады.

Жеңіл автокөлікпен ақылы бөлікті бір бағытта жүріп өту құны алдын ала төлеген жағдайда 240 теңге, ал сапардан кейін төлеген кезде 276 теңге болады.

Сонымен қатар, жол бойына көліктердің мемлекеттік нөмірлерін автоматты түрде анықтайтын 10 бақылау аркасы орнатылған.

Ақылы жолға іргелес елді мекендер мен аудандарда тіркелген көлік иелері үшін жеңілдетілген шарттар қарастырылған. Мәселен, жеңіл автокөліктерге арналған жылдық абонемент құны небәрі 1 АЕК-ті (4 325 теңге) құрайды. Ал автобустар мен жүк көліктері үшін санаттарына сай айлық және жылдық абонементтер ұсынылады.