Президент атағандай, биыл елімізде 500 мың оқушыға арналған екі жүзден астам мектеп салынады.
Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысы барлық мектеп құрылысын бірінші болып аяқтағанын айтып, қалған өңірлердегі құрылысты өзі тексеретінін айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«Баршаңызға мәлім, екі жыл бұрын менің тапсырмаммен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы басталды. Жобаның негізгі мақсаты мектептегі орын тапшылығын жою, сондай-ақ, апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін шешу болды. Ақмола облысы ұлттық жоба бойынша салынатын барлық мектептің құрылысын бірінші болып аяқтады. Аймақта 12 мыңнан астам оқушыға арналған жаңа білім ошақтары ашылды. Басқа облыстарда құрылыс барысы мәз емес. Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қоры бұл жұмысты қолға алуы керек. Мен таяу арада тексеремін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайдағы Ұлттық құрылтайдың отырысында.
Президент атағандай, биыл елімізде 500 мың оқушыға арналған екі жүзден астам мектеп салынады.
«Мына жайтты қаперде ұстаған жөн: барлық жерде тек «Жайлы мектеп» жобасы аясында мектеп салу міндетті емес. Сапалы салынған қарапайым мектептерге де сұраныс жоғары. Үш жылда 1300, соның ішінде ауылдағы 900 білім ордасын жаңғырту қажет. Жаңа оқу жылына дейін мемлекеттік және жекеменшік мектептің барлығы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы құралдармен жабдықталуға тиіс», - деді мемлекет басшысы.