Қазақстан әлемдік компаниялардың бәрімен өзара тиімді байланыс жасауға дайын, дейді Тоқаев.
фото: dknews.kz
ERNUR.KZ. Бұл туралы Мемлекет басшысы Жолдауында мәлімдеді.
«Қазір біз қуат көздерін жан-жақты жаңғыртып жатырмыз. Шетел инвесторларының қатысуымен ауқымды жобалар жүзеге асуда. Мысалы, алдағы бес жылда қуаты 6,3 гигаватт болатын «жасыл» энергия нысандарын іске қосу жоспарланған. Бұл қадам еліміздегі жасыл энергияның үлесін едәуір арттырады.
Бірақ, Қазақстанның түпкі мақсаты – қуат көздерін өзгерту емес. Бұл – ең алдымен еліміздің энергия жүйесінің нақты мүмкіндігі мен мемлекетіміздің ұзақмерзімді мүдделеріне негізделген тұрақты даму жолы.
Осы орайда, ядролық энергетиканы дамытуға бет бұруымыздың мән-маңызы айрықша. Бір ай бұрын Алматы облысында Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясына қатысты жоба «Росатоммен» бірге жүзеге асырыла бастады. Бірақ экономиканы тұрақты дамыту үшін бұл жеткіліксіз. Екінші, тіпті үшінші атом электр станциясының құрылысын қазірден бастап жоспарлай беруіміз керек.
Жақында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен өткен кездесуде елдеріміздің атом саласындағы стратегиялық серіктестігі туралы уағдаластыққа қол жеткіздік.
Қазақстан әлемдік компаниялардың бәрімен өзара тиімді байланыс жасауға дайын. Бұл ұстаным еліміздің энергетикалық дербестігін қамтамасыз ету жөніндегі мақсатына сай келеді.
Қазақстанның сапалы көмір қоры орасан. Сондықтан оның табиғатты ластамайтынына кепілдік беретін озық технологияларды қолдана отырып, көмір энергетикасын дамытуға ерекше назар аудару қажет. Өзіміздің табиғи артықшылықтарымызды ел игілігіне дұрыс пайдалана білу керек», - деді Тоқаев.