Мемлекет басшысы екі ел арасындағы алыс-берістің қарқыны жоғары екенін, бүгінгі іс-шара экономика және инвестиция саласындағы ынтымақтастықты бекемдей түсетінін жеткізді.
RNUR.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-иран қарым-қатынасын нығайтуға зор үлес қосып келе жатқан Президент Масуд Пезешкианға алғыс айтты.
Мемлекет басшысы екі ел арасындағы алыс-берістің қарқыны жоғары екенін, бүгінгі іс-шара экономика және инвестиция саласындағы ынтымақтастықты бекемдей түсетінін жеткізді.
– Былтыр сауда-саттығымыз 340 миллион доллардан асқан болатын. Биыл бұл көрсеткіш бірнеше есе артады деген болжам бар. Біз елдеріміз арасындағы тауар айналымын айтарлықтай ұлғайтып, ең алдымен, 1 миллиард долларға, содан кейін екінші кезеңде 2 миллиард долларға дейін жеткізуге келістік. Бұған әлеуетіміз толық жетеді. Осы орайда, Тегеран қаласында Қазақстанның Сауда үйін ашу жөніндегі бастаманың маңызы зор. Бұл бастама отандық өнімдерді Иран нарығына жүйелі түрде жеткізіп тұруға мүмкіндік береді. Инвестиция саласындағы байланысымыз күшейіп келеді. Соңғы 20 жылда Иран Ислам Республикасы Қазақстанға 226 миллион доллардан астам инвестиция салды. Қазір елімізде Иранның іскерлік қауымдастығы ашқан 350-ден астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр. Бүгінгі басқосу осындай кәсіпорындардың қатарын көбейтуге септігін тигізеді деп сенеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, экономикалық ықпалдастықты нығайту жолында Қазақстан-Иран үкіметаралық комиссиясы айрықша рөл атқаруға тиіс. Елімізде инвесторларға қолайлы орта қалыптастыру үшін нақты шаралар қолға алынды. Арнайы Инвестициялық штаб құрылды. «Бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін Ұлттық цифрлық платформа қолданысқа енгізіліп жатыр. Қазақстан Иранмен бірлесіп, түрлі жобалар әзірлеуге дайын.
Мемлекет басшысы екі елдің ықпалдастығын дамытуға тың серпін беретін салаларға тоқталды. Соның ішінде көлік-логистика бағытындағы ынтымақтастықты нығайту өте өзекті.
– Қазақстан – Еуразия кеңістігіндегі негізгі көлік-логистика хабының бірі. Қазір Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалының 85 пайызы біздің еліміз арқылы өтеді. Қазақстан транзиттік әлеуетін одан әрі арттыруға баса мән береді. Сондықтан біз Иранды аса маңызды серіктес ретінде қарастырамыз. Осы ретте, порт терминалдарын дамыту, логистиканы жетілдіру және транзиттік жүк көлемін ұлғайту үшін бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз. Қазірдің өзінде ортақ жобалар жүзеге асырыла бастады. Мысалы, еліміз Шахид Раджаи портында көлік-логистика терминалын салуды жоспарлап отыр. Бұл нысан Қазақстан тауарларын әлем нарықтарына тікелей жеткізуге жол ашады. Біз Ақтау және Құрық порттарын Иранның Әмірәбад, Анзали порттарымен байланыстыруға мүдделіміз. Сондай-ақ Бандар-Аббас, Чабахар порттарымен серіктестік орнатуға ниеттіміз. Қазақстан үшін Орталық Азияны Парсы шығанағымен жалғайтын мультимодальді дәліздерді дамыту маңызды. Осы ретте Қазақстан – Түрікменстан – Иран темір жолы ерекше рөл атқарады. Бұл бағдар арқылы жүк тасымалдау көлемі 2030 жылға қарай екі есеге дейін артуы мүмкін. Ал мұның экономикалық әсері зор болатыны анық. Аймақтағы сауда-саттықтың жандануы жаңа индустриялық жобаларды қолға алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар сервистік орталықтар мен өндіріс алаңдарын ашуға жағдай жасайды, – деді Президент.
асым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласындағы ықпалдастықты дамыту қажеттігіне назар аударды.
– Иран – Қазақстан астығын сатып алатын негізгі елдің бірі. Былтыр агроөнеркәсіп кешеніндегі тауар айналымы 220 миллион долларға жетті. Ал биылғы он айдың ішінде астық саудасы 280 миллион долларға жуықтады. Біз ауыл шаруашылығына инвестиция салатын кәсіпкерлерді қолдаймыз. Қазіргі таңда бірқатар бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, Иранның Solico Group компаниясын ерекше атап өтуге болады. Бұл компания елімізде жылына 200 мың тонна өнім шығаратын сүт комбинатын салуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ балаларға арналған тағам өнімдерін даярлау ісін қолға алмақшы. Бұған қоса, Kourosh Food Industry компаниясы Қазақстан нарығына қызығушылық танытып отырғанын білеміз. Осы компания елімізде өсімдік майын шығаратын және құс шаруашылығын дамытатын кәсіпорындар ашқысы келеді. Тағы да атап өткім келеді: біз ынтымақтастық орнатуға қашанда дайынбыз. Сондықтан Иран кәсіпкерлерін бірлесіп жұмыс істеуге, Қазақстанда заманауи өндірістер ашуға шақырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Каспий теңізін және оның экожүйесін сақтап қалуға баса мән берді.
– Каспий теңізінің тағдыры – өте өзекті мәселе. Теңіз деңгейінің төмендеп кетуі аймақтың экологиясы мен экономикасына кері әсерін тигізіп отыр. Бәрімізді алаңдатып отырған мәселені шешу – бес елдің ортақ міндеті. Бұл іске халықаралық ұйымдарды және қаржы институттарын тартқан жөн. Мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының кеңейтілген отырысында Су мәселелері жөніндегі орталық құру туралы ұсыныс айттым. Осы орайда, Каспийдің суын сақтау үшін мемлекетаралық бағдарлама қабылдап, бірлесіп әрекет етуіміз керек. Оған қоса, Қазақстан делегациясы келесі жылы Тегеранда өтетін VII Каспий саммитіне қатысуға ниет білдіріп отыр. Еліміз алдағы екі жылдың ішінде IV Каспий экономикалық форумын өткізуді ұсынды. Аталған іс-шаралар Каспий теңізіне қатысты түйткілді жан-жақты қарап, тиімді шешім табуға септігін тигізеді. Ирандық әріптестерімізді осы бастамаларға белсене атсалысуға шақырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
емлекет басшысы жаппай цифрландыру үдерісіне айрықша көңіл бөлу керек екенін атап өтті.
– Қазақстанда цифрлық экономиканы дамыту үшін нақты шаралар қолға алынып жатыр. Сондай-ақ жасанды интеллект технологиясын кеңінен қолданысқа енгізу үшін ауқымды жұмыс істелуде. Алдағы үш жылдың ішінде нағыз цифрлық ел боламыз деген айқын мақсатымыз бар. Осыған орай, аймақта бірінші болып Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құрдық. Биыл Қазақстанда Орталық Азиядағы алғашқы суперкомпьютер іске қосылды. Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Бұдан бөлек, біз Алатау қаласын көркейтуге баса мән беріп отырмыз. Менің Жарлығыммен Алатауға даму қарқыны озық қала мәртебесі берілді. Бұл жоба криптоиндустрияны, инновацияны және технологиялық бизнесті өркендетуге мүмкіндік береді. Біз осы бағытта Иран компанияларымен тығыз байланыс орнатамыз деп сенеміз, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Иран жаңа ықпалдастық кезеңіне қадам басқанын, елдеріміз сауда, инвестиция, логистика және технология салаларындағы экономикалық серіктестіктің негізін қалап жатқанын айта келіп, бұл форум екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамытуға айрықша серпін беретініне сенім білдірді.
Форумда сөз сөйлеген Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкиан бұл кездесу қос халықтың ғасырлардан тамыр тартатын достығының көрінісі ғана емес, әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынасын дамыту жолындағы маңызды қадам екенін айтты.
– Екі ел кәсіпкерлері бірқатар перспективті бағыттар бойынша ынтымақтастық орнатты. Атап айтқанда, Иран – Қазақстан бірлескен кеме қатынасын жолға қоюға, Каспий теңізінде консорциум құруға, Ақтау портында ауыл шаруашылығы өнімдеріне арналған қоймалар мен тарату орталығын ашуға, Қазақстанда тағам өнімдерін және қағаз қаптамаларын шығаратын бірлескен зауыт ашуға, Алматыда ирандық құрылыс материалдарының экспорттық паркін жасақтауға уағдаласты. Сондай-ақ минералогия, шикізатты өңдеу және аймақтық экспортты өркендету салаларында ықпалдастық орнаттық. Біз Иран – Қазақстан бірлескен сауда кеңесінің құрылуын, тікелей әуе рейстерін дамытуды, кәсіпкерлерге виза режимін жеңілдетуді, екі елдің сауда көрмелерін тұрақты түрде ұйымдастыруды қолдаймыз, – деді Масуд Пезешкиан.


