Тұңғыш Президент – Елбасының өзі тікелей құрған Қарулы Күштердің бітімгершілік қызметі еліміздің бейбітшілік, халықаралық қауіпсіздік және тұрақтылық қағидаттарына іс жүзінде сай келеді.
Бұл туралы Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Алматы облысында өткен кешенді бітімгершілік оқу-жаттығу жиынында айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президент 2007 жылдан бері 35 қазақстандық әскери қызметші, оның ішінде төрт әйел азамат БҰҰ-ның Непалдағы, Кот-д’Ивуардағы, Батыс Сахара мен Ливандағы миссияларына штаб офицерлері мен әскери бақылаушылар ретінде қатысқанын айтты. 2018 жылы БҰҰ мандаты негізінде әрекет ететін алғашқы қазақстандық ротаның Ливанға жіберілуі еліміздің бітімгершілік әлеуетін нығайту үшін жасалған маңызды қадам.
"Қазіргі уақытта өз жауапкершілік аймағының бақылау-өткізу бекеттеріндегі әскери міндеттерін қазақстандық бітімгерлер ротасының төртінші құрамы атқаруда. БҰҰ бітімгершілік әлеуетінің дайындық жүйесіндегі міндеттер желісін кеңейту үшін Қазақстан саперлердің, әскери медицина қызметкерлерінің, барлау және әскери полицияның арнайы бөлімшелерін ұсынды. Бұл бөлімшелер қазіргі бітімгершілік операцияларында барынша сұранысқа ие", – деді Президент.
Жоғарғы Бас қолбасшы бітімгершілік даярлық оқу орталығы мұндай мамандарды жоғары деңгейде дайындайтынына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев оқу-жаттығу жиыны барысында әскери қызметкерлердің көрсеткен кәсіби біліктілігін атап өтіп, қазақстандық бітімгерлерге мінсіз жұмыстары үшін алғыс білдірді. Мемлекет басшысы бейбіт өмірде үлкен міндеттерді атқарып отырған әскердің айрықша рөліне назар аударды.