Мемлекет басшысы Моңғолияның Ұлы Мемлекеттік Хуралының Төрағасы Дашзэгвийн Амарбаясгаланмен кездесті

0
107

Президент былтыр қазан айындағы Моңғолияға жасаған сапарының нәтижесінде Үкімет пен түрлі мекемелер арасындағы қарым-қатынас күшейе түскенін айтты.


Мемлекет басшысы Моңғолияның Ұлы Мемлекеттік Хуралының Төрағасы Дашзэгвийн Амарбаясгаланмен кездесті

ERNUR.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманға ілтипат танытып, оның елімізге Парламент Төрағасы ретіндегі алғашқы сапары екіжақты байланысты нығайтуға тың серпін беретінін атап өтті.

Президент былтыр қазан айындағы Моңғолияға жасаған сапарының нәтижесінде Үкімет пен түрлі мекемелер арасындағы қарым-қатынас күшейе түскенін айтты. Сондай-ақ жақында Қытайда өткен ШЫҰ саммиті аясында Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухпен аз-кем әңгімелескенін жеткізді.

– Моңғолия – Азиядағы сенімді әрі маңызды серіктесіміз. Екі ел арасындағы берік достық пен стратегиялық әріптестіктің тамыры тереңде жатыр. Себебі біздің салт-дәстүріміз бен мәдениетіміз ұқсас. Тарихымыз да ортақ. Сондықтан ынтымақтастықты барынша нығайта түсу үшін бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, сан қырлы қарым-қатынасты дамыту ісінде Парламент дипломатиясы маңызды рөл атқарады. Бұл ретте Қазақстан достас Моңғолия елімен стратегиялық серіктестікті жан-жақты нығайтуға мүдделі.

Дашзэгвийн Амарбаясгалан Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық көрсеткені үшін алғыс айтты.

– Бұл сапарым екі ел арасындағы қарым-қатынас тарихының жаңа парағын ашатынына сенемін. Бүгінгі кездесу көшпелі өркениет тарихы, әдет-ғұрпы тығыз байланысқан халықтарымыз арасындағы достық пен бауырластықты одан әрі нығайтып, елдеріміздің ынтымақтастығын кеңейте түседі деп ойлаймын. Қазақстанмен достық ықпалдастықты нығайту өте маңызды. Соңғы жылдары екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі сапарлар, келіссөздер жиілей түскеніне қуаныштымын, – деді Моңғолия Ұлы Мемлекеттік Хуралының Төрағасы.

Кездесуде парламентаралық дипломатия, сауда-экономикалық, өңіраралық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері талқыланды.